$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
09.04.2021, 16:53
Саясат

Тұрақты табысы жоқ әйелдер жиі жапа шегеді – маман

Психологтар ондай әйелдердің күйеуіне тәуелді болатынын айтады

Тұрақты табысы жоқ әйелдер жиі жапа шегеді – маман
Фото ашық дереккөзден

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, жыл сайын Қазақстанда орта есеппен 400-ден астам қыз-келіншек тұрмыстық зорлық-зомбылықтан жапа шегеді. Құзырлы органдардан көмек сұраудан гөрі, күйеуйінің қол көтергенін жасырып қалуға тырысатындар қаншама. Еліміздің әр өңірінде жұмыс істеп жатқан әйелдерді қорғау орталықтары нәзік жандарға қол ұшын беруге қашанда әзір. Солардың бірі Солтүстік Қазақстан облысында орналасқан «Әйелдерді қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігі. Барар жер, басар тауы қалмаған талай қыз-келіншекке пана болған нысанның тыныс-тіршілігіне Azattyq Rýhy тілшісі үңілген еді.

Орталық 2017 жылы ашылған. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдерге арналған нысанның мекенжайы құпия сақталады. Өйткені өз әйелдерін, бала-шағасын соққының астына алғандар бұл жерге де келіп, тыныштық бермеуі мүмкін. Орталық 18 орынға шақталған. Мұндағы талапқа сай, күйеуінен зардап шеккен қыз-келіншектер жарты жыл ғана тұра алады.

«Әйелдер күнделікті тұрмыстағы шаруаларын өздері тындырады. Орталықта әлеуметтік қызметкер, психолог, медбике, заңгер сынды мамандар ғана қызмет етеді. Соңғылары ажырасу, баланы ата-ана құқығынан айыру процестерінде қол ұшын береді. Өмір болған соң түрлі жағдай кездеседі. Қыз-келіншектердің тәнінен гөрі, жан жарасы терең, жүйкесі жұқарған. Олардың барлығына білікті психолог көмегі қажет. Олар мұнда өздерін жақсы сезінеді. Ең бастысы, бұл жер айқай-шудан мезі болған жандар үшін тыныштық мекені сынды», - дейді орталық жетекшісі Алина Орлова.

Жаны жабырқау әйелдерді қалыпты өмірге қайтару үшін мамандар аянбай қызмет етеді. Олардың күйзелістен шығуы үшін де қыруар уақыт қажет.

«Зорлық-зомбылықтан зардап шеккен жандармен тез тіл табысамыз. Кешке қарай бәріміз жиналып, әңгіме-дүкен құрамыз. Сондай-ақ, ән айтып, көңілімізді көтереміз. Біздің мақсат – жүйкесі жұқарған әйелдердің жағдайын жақсарту, көмектесу, өмірде алға қарай қадам басуға итермелеу. Біз әйелдерге әлеуметтік көмектің 8 түрін көрсетеміз», - дейді орталықтың әлеуметтік қызметшісі Татьяна Савинко.

БАЛАЛАРДЫҢ ДЕНІ КҮТІМ КӨРМЕГЕН

Жарты жыл ішінде орталық мамандары зардап шеккендерге жайлы баспана табуға көмектеседі. Сондай-ақ, жұмыссыз жүргендерге екі қолға бір күрек табуға жәрдемдеседі. Әйелдердің арасында күйеуімен татуласып, өз отбасына оралатындары да жиі кездеседі екен. Бірақ, басым көпшілігі орталық көмегіне қайта жүгінуге мәжбүр болады.

«Әйелдер орталықта уақытша тұра алады. Одан кейін өздері бұрын өмір сүрген ортаға оралады. Сондықтан олардың жан жарасы толық сауықпайды. Бізге аналарымен бірге келетін балалардың дені күтім көрмеген. Оларға уақытылы сабаққа барып, білім алу түгілі қарнын тойдырып тамақ ішудің өзі мұң. Өйткені ақшаның барлығы әкесінің арақ алып ішуіне кетеді. Физиологиялық тұрғыдан денсаулықтары жоқ, дамуы да тежелген», - дейді Алина Орлова.

Өзін Анна деп таныстырған кейіпкеріміз күйеуіне сүйіп қосылғанын айтты. Бірақ ерлі-зайыптылардың бақыты ұзаққа созылмапты. Арада екі жыл өткенде жас келіншек құрсақ көтереді. Алайда, әкесі іште жатқан бес айлық шаранадан құтылуын талап еткен.

«Соңғы кездері барлық жүріс-тұрысымды бақылайтынды шығарды. Тіпті, теледидар көруге шектеу қойды. Жақындарыммен сөйлесуден қалдым. Күндердің күні ащы суға тойып алып, тепкінің астына алды. Бел омыртқама қатты зақым келді. Мен күйеуімді емес, іштегі сәбиімді таңдадым. Сол үшін ол ашу-ызаға булықты», - дейді келіншек.

Барар жер, басар тауы қалмаған Аннаға Әйелдерді қорғау орталығы қол ұшын берген. Енді ол өзіне қолайлы жұмыс тауып, баласына саналы тәрибе, сапалы білім берудің жағдайын жасауды жоспарлап жүр.

ТҰРАҚТЫ ТАБЫСЫ ЖОҚ ӘЙЕЛДЕР ЖИІ ЖАПА ШЕГЕДІ

Мамандардың айтуынша, көбіне жұмыс істемейтін, жоғары білімі жоқ келіншектер зорлық-зомбылық құрбанына айналады. Сондықтан карантинге дейін әйелдер түрлі курстарға барып, шаштараз, аспаз, тырнақ әрлеуші, тігінші, аспаз сынды тағы басқа жаңа мамандықтарды меңгерген. Пандемияға байланысты әзірге бұл жұмыстар тоқтап тұр.

«Қаржылық тұрғыдан тұрақтылыққа ие әйелдер өздерін қорғай алады. Ал ақшасы жоқ адам түк істей алмайды. Олар әлеуметтік тұрғыдан да әлжуаз. Сондықтан да оларға білім алып, жұмыс істеу керектігін айтамын. Қоғамда 2-3 бала туғаннан кейін жұмысқа шықпай, үйде отырып қалатын әйелдер көбейді. Білімі, карьерасы күйеуінен қарағанда табысты болса да, үйден шыға алмай қалады. Осыдан күйеуіне материалдық, психологиялық, әлеуметік тәуелділік туындайды. Сондықтан адам өзі тәуелді болып тұрған адамның үстінен полицияға арыздана алмайды. Сот арқылы моральдық шығын да талап етпейді. Осыны сезінген ер адамдар аузына келгенді айтып, қол жұмсайды», - дейді орталық жетекшісі.

Орталық ашылғаннан бері СҚО бойынша 200-ге жуық қыз-келіншекке көмек көрсетіліпті. Мамандар болашақта да нәзік жандарға қолдан келген көмегін аямайтынын жеткізді.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО

Серіктес жаңалықтары