Шенеуніктер өз функцияларын жергілікті атқарушы органдарға беруге асығар емес - Қанатбек Сафинов
Сенатордың айтуынша, шенеуніктердің функционалдық белсенділігі соңғы жылдары азаюдың орнына тек өсіп жатыр
Мемлекеттік органдардың функциялары азаюдың орнына көбейіп келеді. Өйткені шенеуніктер өз міндеттерін жергілікті атқарушы органдар мен бәсекеге қабілетті ортаға беруге асығар емес. Мұндай пікірді Сенат депутаты Қанатбек Сафинов жоғары палатының кезекті отырысында мәлімдеді.
Сенатордың айтуынша, шенеуніктердің функционалдық белсенділігі соңғы жылдары азаюдың орнына тек өсіп жатыр. Кейбір мемлекеттік қызмет түрлерін тапсыру саясаты азаматтардың жергілікті өзін-өзі басқару органдары арқылы шешім қабылдау процесіне қатысу мүмкіндіктерін арттырып, бюрократиялық аппаратты қысқартуға мүмкіндік береді.
«2015 жылғы жағдай бойынша мемлекеттік органдар туралы ережеге сәйкес мемлекеттік функциялардың саны төрт жарым мыңға жуықтады. Қазір бұл функциялардың саны одан да көп болуы мүмкін, себебі тәжірибе мемлекеттік органдардың функцияларын азайтудың емес, көбейтудің жолымен келеді», - деді сенатор.
Қанатбек Сафинов мемлекеттік орган өзінің функцияларының бір бөлігінен бас тартқан жағдайда да, кейде олар сол мемлекеттік органға бағынатын компанияларға ауысатынын атап өтті. Ресми түрде тапсырыс орындалады, функциялар бәсекелестік ортаға беріледі, бірақ іс жүзінде мемлекеттік орган барлығын бақылауда ұстау мүмкіндігін сақтап қалды.
Ал шын мәнінде, негізгі идея – Үкімет пен азаматтық қоғам арасында тепе-теңдікті сақтау еді.
«Ұлт жоспары бойынша, мемлекетке қажет емес бірқатар функциялардың орындалуын кейбір мемлекеттік мекемелерден басқа бағынышты ұйымдарға ауыстыру емес, оларды қысқарту жағын қарастыру қажет», – деді Қанатбек Сафинов.
Осыған байланысты сенатор Премьер-министрден Үкіметтің осы бағыттағы 2 жыл ішінде атқарған жұмыстары туралы ақпарат беруін, іске асыру мерзімі мен кезеңдері туралы мәліметпен бөлісуін, сондай-ақ, алдын-алу шаралары туралы есеп беруін сұрады.
Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан