Соңғы 10 жылда Алматыға өзге елден келушілердің саны үш есе артқан

Автор: Azattyq Rýhy

2019 жылы бұл көрсеткіш 435 мыңға жеткен

Фото: akorda.kz

Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыны одан әрі дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы өз сөзінде қаланың инновациялық саладағы алатын орнын нығайту қажеттігіне тоқталды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, Алматының аталған салада көшбасшы болуға толық мүмкіндігі бар. Бұған Инновациялық технологиялар паркінің әлеуеті, еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының және венчурлық капиталдың айтарлықтай бөлігінің осында шоғырлануы септігін тигізеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев оңтүстік астана мен оның төңірегін дамытудың тағы бір маңызды бағыты ретінде туризм саласын атады. Президенттің айтуынша, соңғы 10 жылда Алматыға өзге елден келушілердің саны үш есеге артқан, ал, 2019 жылы бұл көрсеткіш 435 мыңға жеткен. Ішкі туризм бойынша да оң өзгерістер бар. Сондай-ақ ол Алматы Mercer компаниясы өткізетін беделді рейтингке қосылған бірден-бір қала екенін атап өтті.  

Мемлекет басшысы аталған бағыттағы бірқатар проблеманы, оның ішінде, қызмет көрсету саласындағы олқылықтар жайында айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласы мен Алматы облысының әкімдеріне агломерация аясында туризмді дамытудың бірлескен бағдарламасын әзірлеуді тапсырды.