ШұғылКоронавирус және пневмония: өткен тәулікте 102 адам көз жұмды

Тоқаев «Алтын Ордадағы» жол құрылысын сынға алды

Алматы – Бішкек тасжолының осы жерден өтетін бөлігі былтыр салынып бітуі тиіс болған

Фото: akorda.kz

Қасым-Жомарт Тоқаев «Алтын Ордадағы» жол айрығының салыну барысын сынға алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Ақорда сайтына сілтеме жасап.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыны одан әрі дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте «Алтын Ордада» маңындағы жол айрық туралы айтты.

«Бұл - қала іргесіндегі елдімекен тұрғындары үшін өзекті мәселенің бірі. Мұны жұртшылық қала әкіміне талай рет айтқан. Алматы – Бішкек тасжолының осы жерден өтетін бөлігі былтыр салынып бітуі тиіс болған. Қажетті қаражат толық бөлінген. Бірақ әлі нәтиже жоқ. Асқар Ұзақбайұлы, Алматы және Алматы облысының әкімдерімен бірлесе отырып, Райымбек – Алматы учаскесінің құрылысын осы жылдың соңына дейін аяқтауды тапсырамын», – деді Мемлекет басшысы.

Президент Алматы үлкен айналма күре жолын қаланың орталығымен байланыстыратын жолдар туралы да пікірін айтты.

«2021 жылы Абай даңғылын бөлуді аяқтау үшін республикалық бюджеттен бөлінген қаражатқа екі миллиард теңге мөлшерінде қосымша қаржы керек екені анықталып отыр. Барлық шығынды бірден нақты жоспарлауға болмай ма? Әлде мұның басқа бір себептері бар ма?», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.