Еуропарламенттің қарарынан кейін Қазақстанға санкция салына ма? Шетелдік және отандық сарапшылар пікір білдірді
Еуропарламент депутаттары Қазақстандағы адам құқықтары мен сөз бостандығы жиі бұзылады деген болатын
Еуропа Парламенті Қазақстандағы адам құқықтарын сынайтын тағы бір қарар қабылдады. Құжатта елде азаматтық қоғамның аясы тарылып, адамның құқығы аяқ асты болды және қаңтардағы Парламент сайлауы әділетсіз өтті делінген. Мұны Еуропарламенттегі 693 депутаттың 598-і қолдады. Бұл қарарға қарсы шыққан депуттар да болды. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Сайлауларды бақылау бюросының есебіне сүйеніп жасалған қарарға 43 депутат қарсы шыққан.
Azattyq Rýhy ақпарат агенттігі еуропалық депутаттар мен қазақстандық сарапшылардың пікірін тыңдап көрді. Еуропарламент мүшелері санкция салмас бұрын, мәселеге тереңірек үңілуге және әріптестерін біржақты шешім қабылдамауға шақырды. Ал, қазақстандық саясаттанушылар біздің елге санкция салынуы екіталай деп санайды. Бірақ, бұл Қазақстан билігі үшін саяси реформалар жүргізуге кедергі болады. Батыстың ескертулері мен пікірін біржақты жоққа шығара беру де дұрыс емес дейді отандық сарапшылар.
ЕУРОПАРЛАМЕНТ ДЕПУТАТТАРЫ ҚАЗАҚСТАН ТУРАЛЫ ҚАРАРДЫ НЕГЕ СЫНАДЫ?
Еуропалық парламенттің депутаты Татьяна Жданока Қазақстанға қатысты қарардың әділетсіз екенін айтып, оны сынға алды. Оның пікірінше, Еуроодақ адам құқықтары мәселелерінде сот рөлін атқармауы керек.
«Еуропалық парламенттің Орталық Азия бойынша делегациясының мүшесі және бұрынғы орынбасары ретінде мен Қазақстанмен өзара құрмет және тең құқылы диалогты жақтаймын. Мен әлемнің басқа елдерінде, соның ішінде Қазақстанда да құқықтар мен бостандықтардың бұзылуын катаң айыптаймын. Бұл елде адам құқықтарының бұзылуын тоқтату үшін көп нәрсе істеу керек, біз бостандық үшін бірге күресуіміз керек.
ЕО қазіргідей адам құқықтары мәселесінде үшінші елдер үшін соттың рөліне сай келмейді. Жалпы, біз Қазақстанды демократия мен заң үстемдігіне, адам құқықтары мен негізгі бостандықтар мәселесінде өзіміздің осы салада проблемаларымыз бола тұра оларды үйрету үшін моральдық құқығымыз бар ма деген сауалды мен өз әріптестеріме қойғым келеді», - деді Т.Жданока.
Еуропалық парламенттің тағы бір депутаты (Германия) Максимилиан Кра «Еуропаның дамушы елге сабақ беруге тағы бір талпынысының куәсі болып отырмыз», деді. Оның пікірінше, Қазақстан – Орталық Азияның табысты әрі үлгілі мемлекеті. Біздің мемлекетті ол жақсы экономикалық көрсеткіштерге қол жеткізген, бостандықтың жоғары деңгейі қалыптасқан және заманауи дәуірге енген ел деп санайды. Максимилиан Краның айтуынша, Еуропарламент кейбір оппозициялық күштердің лоббистік көзқарасымен Қазақстанға қатысты шешім қабылдаған.
«Біз жасаған қылмысы үшін сотталып, шетте қашып жүрген қылмыскердің Қазақстанды қалай көрсеткісі келетініне сенудің орнына, Қазақстанның шын мәнінде қандай ел екеніне назар аударсақ жақсы болар еді. Қазақстан өзінің дербес жолын таңдады. Бұл – Германияға қоныс аударған 800 000 этникалық немістің отаны. Бұл елде әлі де 180 000 неміс тұрады. Қазақстанда германиялық 200 кәсіпорын жұмыс істейді.
Қазақстанды айыптау керек деп санайтындардың барлығына менің бір ұсынысым бар – алдымен сол елге барып келіңіз. Ең жаманы – әлемді ешқашан көрмеген адамдардың дүниетанымы деп кезінде Гумбольдт айтқан. Олар деректерге және шындыққа сенудің орнына адам өлтіргені үшін және алаяқтығы үшін сотталған кісіге көбірек сенеді. Өкінішке қарай, бұл адам құқықтары империализмі мен құндылықтар империализмі болып жатқан жерге тән. Бұл соңғы уақытта еуропалық саясатқа айналып бара жатқаны үшін кешірім сұрауымыз керек», - деді Максимилиан Кра.
Еуропарламенттің француздық депутаты Тьерри Мариани де 12 ақпандағы Еуропарламент қарары қабылданар алдындағы пленарлық сессияда сөз сөйледі. Ол Қазақстанды небәрі 29 жыл ішінде көптеген ұлт пен дін өкілдері бейбіт өмір сүретін елге айналғанын айтты.
«Онда демократиялық өмірді жақсартуға бола ма? Әрине! Бірақ осындай қысқа мерзімде бейбіт жолмен жүре алған мемлекеттер саны аз. Қазақстан көптеген жыл бойы демократия мен адам құқықтарын құрметтеу саласында айқын прогреске қол жеткізіп келеді. Жақында саяси партиялар мен бейбіт жиналыстар туралы заң қабылданды. Әрине, үлкен прогреске қол жеткізуге болады. Қазақстан билігі мұны өздері мойындайды. Бұл шешім іс жүзінде не істейді? Бұл қарар, ең алдымен, елдегі және шетелдегі барлық оппозицияның «қамқоршысы» болған бұрынғы қазақстандық министрдің тілектерімен үндесіп отыр», - деді Еуропарламент депутаты.
«ҚАРАРДЫҢ МӘТІНІ ЕЛДЕГІ ШЫНАЙЫ АХУАЛДЫ БҰРМАЛАҒАН...»
ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Айбек Смадияровтың пікірінше, қарар мәтіні елдегі ахуалды бұрмалайды.
«Брюссельдегі еуродепутаттардың кейбір қарарларды мәселенің байыбына бармай, фактілерді дұрыстап тексермей, «автоматты түрде» қабылдай салатынын білеміз. Осы тұрғыдан бізді жаңа қарарда бір құжаттан екінші құжатқа дәстүрлі түрде көшіп жүретін «ескі кейстердің» көп болуы таң қалдырмайды. Қарарда Қазақстандағы адам құқықтарына қатысты ахуалға біржақты, объективті емес сын-пікірлер бар деп есептейміз. Біздің пікірімізше, қарардың мәтіні еліміздегі істердің нақты жағдайын бұрмалайды және бұл деструктивті топтардың жалған ақпаратымен қоректенетін ниеті дұрыс емес саясаткерлердің бастамасымен жасалған. Қазақстан адам құқықтары саласындағы өз міндеттемелерін мақсатты және үдемелі түрде іске асырып жатыр», - деді Айбек Смадияров.
САНКЦИЯ САЛЫНУЫ МҮМКІН ЕМЕС
Қазақстандық саясаттанушы Дос Көшім Azattyq Rýhy тілшісіне берген сұқбатында Еуропарламенттің пікірімен санаспау саяси қателік деді. Оның пікірінше, Қазақстан дипломаттарының позициясы түсініксіз, олардың Еуропа Парламенті депуттарының айтқанын түсінбейтіндей кейіп танытуы билік үшін қоңырау.
«Санкция бола қоймайтын шығар. Бірақ бұл жақсы емес. Әсіресе Президенттің жаңа бір реформа жасаймын деген бастамасы болса, осындай баға алуы – соққы болады. Екінші мәселе, кеше ғана Сыртқы істер министрінің баспасөз хатшысы өз пікірін білдірді. Бұл шындыққа жанаспайды депті. Бұл да бір үлкен қателік. Өзімізде болып жатқан кейбір келеңсіз жағдайларды да мойындаған дұрыс. Өйткені авторитарлық режимнен бірден демократиялық жүйеге көшіп кету қиын. Сондай уақытта кейбір қателіктердің барын мойындау керек. Халық онсыз да көріп отыр. Мен өзім Еуропарламенттің айтқандарын 90 пайыз қолдаймын», - дейді саясаттанушы Д. Көшім.
Саясаттанушы Марат Шибұтов керісінше, біздің билік мұндай шабуылдарға қарсы төтеп беруі керек деп есептейді. Яғни, мүмкіндігінше жоққа шығара бергені дұрыс.
«Бұл жерде Әблязовтің лоббилік көзқарасы байқалады. Әрине, санкция болмайды. Еуропарламент санкция салатындай атқарушы орган емес. Оның үстіне, біздің елде Еуропа мемлекеттерінің көптеген инвесторы мен компаниялары жұмыс істеп жатқанда, қандай да бір экономикалық қысым болады деп ойламаймын», - дейді саясаттанушы.
Еуропалық құқық және адам құқығы сарапшылары институтының директоры Марат Башимов та Еуропарламенттің қарарындағы мәселелерді жала деп есептейді. Оның айтуынша, бұл ұйымның өзі жариялылыққа қарсы шығып, үстіртін пікірлері үшін сынға ұшырап жатады. Соңғы 30 жылда студенттер мен докторанттарға еуропалық құқық тақырыбында дәріс оқып жүрген Башимов Еуропа елдеріндегі жағдайды іштен жақсы білемін дейді.
«Соңғы жылдары біздің елде атқарылған шаруаларға қарасақ, қоғамдық процесс және қоғамдық санада даму бар деп айта аламын. Біздің елде саяси, экономикалық және әлеуметтік проблема онсыз да жетеді. Арыс, Қордай оқиғасы, коронавирус қазіргі президент үшін үлкен сынақ болды. Соған қармастан, соңғы бір жылда 9 заң қабылданды. Жастар, саяси партиялар, әйел құқығы, гендердік теңдік, білім және денсаулық, жала жабу туралы баптар және кибербуллинг туралы заңнамалар жетілдірілді. Бұдан артық не керек? Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылды, ал халыққа ұнамаған заңдар жақында қабылданбай қалды. Сондықтан, Еуропа Парламентінің қарарында айтылғандай, біржақты бәрі жаман деген баға бергім келмейді», - дейді Марат Башимов.
Айта кету керек, бұл Еуропарламенттің Қазақстанға қатысты алғашқы резолюциясы емес. Ұйым 2019 жылы 14 наурызда біздің елге қатысты адам құқығы жөніндегі қарарын қабылдаған болатын. Қазақстан тарапы ЛГБТ-қауымдастығының шеруіне рұқсат бермеген соң, Батыс елдері өз наразылықтарын ашық білдірген еді. Ол кезде ЕО-ның бұл құжатына қатысты Қазақстан СІМ-гі «қарар тек ұсыныс ретінде, яғни заңдық күші жоқ» деп мәлімдеген болатын. Ол кезде Қазақстан Парламенті депутаттары да еуропалық әріптестерді Қазақстанға жиі шақырып, жағдайды өз көзімен көреуге мүмкіндік берген дұрыс деген-ді.
Ришат Асқарбекұлы, Алматы