Ақтауда 183 өткелдің тек 8-і ғана жарықтандырылған – «Nur Otan» партиясының бақылау комиссиясы

Автор: Azattyq Rýhy

Комиссияның отырысы еліміздің әр өңірінде өтті

«Nur Otan» партиясы сайлаудан кейінгі бір ай ішінде партиялық бақылау комиссиясының 233 отырысын өткізіп, онда 569 мәселе қаралды. Атап айтқанда, жалақының уақытылы төленбеуі, судың жоқтығы, жылыту және көшелерді жарықтандыруға қатысты шағымдар, жаяу жүргінші өткелі мен пандустар салу туралы ұсыныстар және тағы да басқа мәселелер бар.

«Nur Otan» партиясы баспасөз қызметінің мәліметінше, аталған жұмыс Партия Лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес жүргізілуде.

Мәселен, Ақтауда «Nur Otan» Партиялық бақылау комиссиясы қала тұрғындарының жаяу жүргіншілер өткелін жарықтандыруға қатысты өтініштерін тексерді. Тексеру барысында 183 өткелдің тек 8-і ғана жарықтандырылғаны анықталды. Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Е.Ізбергенов пен қалалық көлік және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ж.Құбашев тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Қала әкімдігіне 2021 жылдың 1 шілдесіне дейін 175 жаяу жүргіншілер өткелін жарықтандыру жұмыстарын аяқтау ұсынылды. Қазіргі уақытта жаяу жүргіншілер өткеліне жарық орнату жұмыстары басталып та кетті.

Павлодар облысының Ақсу қаласында «Nur Otan» партиясының өкілдері аз қамтылған көпбалалы отбасыларға арнап салынған үйлерді қарап шықты. Тексеру қорытындысы бойынша 27 үйдің бірінде ақау бары анықталды. Қала әкімдігіне ақпан айының соңына дейін аталған тұрғын үйге күрделі жөндеу жүргізу ұсынылды.

Алматы қаласында Партиялық бақылау комиссиясы «Афина Паллада» ЖШС қызметкерлерінің жалақысын уақытылы ала алмауына қатысты шағымы бойынша тексеру жүргізді. Тексеру барысында 2020 жылдың қыркүйегінен бастап серіктестіктің қызметкерлер алдындағы қарызы 25 млн теңгеден асатыны анықталды. Бұл мәселеге партия араласқаннан кейін жұмысшылар алдындағы қарыз толық өтелді.

Алматы облысында Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Алмалы ауылының тұрғындары ауыз судың жоқтығына және көрсетілмеген коммуналдық қызмет үшін негізсіз төлем алынатынына шағымданды. Бұл істі «Nur Otan» партиясы назарға алғаннан кейін жергілікті атқарушы орган тұрғын үйлерге су беруді қалпына келтіру бойынша жөндеу жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ, коммуналдық қызметтер қайта есептелді. Азаматтардың өтініштеріне уақытылы жауап бермегені үшін Көктөбе ауылдық округінің әкімі Ж.Жылқыбеков партиялық жауапкершілікке тартылды.

Қарағанды облысында мүгедектер арбасындағы ер адамның пандустың жоқтығынан Қазпошта бөлімшесіне кіре алмағаны қоғамда қызу талқылаған еді. Осы жағдайдан кейін облыстық комиссия пошта желісінің барлық филиалдарында ерекше қажеттіліктері бар азаматтар үшін ыңғайлы көтерілетін орынның бар-жоғын тексеру туралы шешім қабылдады.

«Nur Otan» партиясының баспасөз қызметінде атап өткендей, өткен жылы Партиялық бақылау комитеті мен комиссиялары жеке және заңды тұлғалардың 1150 өтінішін қарап, 100-ден астам резонанстық мәселе шешімін тапты. Орталық және жергілікті атқарушы органдарға 220-дан астам ұсыным енгізді. 2020 жылы 400-ден астам адам партиялық жауапкершілікке тартылды, олардың қатарында бірқатар вице-министрлер, өңір әкімдерінің орынбасарлары, мәслихаттардағы фракция басшылары және т.б. бар. Олардың ішінде партия Жарғысына сай келмейтін әрекеттері үшін 100-ден астам адам «Nur Otan»-ның қатарынан шығарылды.