Мемлекет басшысы Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының сессиясына қатысты

Мемлекеттер басшылары халықаралық және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөнінде пікір алмасты

Фото: akorda.kz

Бішкек қаласында Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы (ҰҚШҰ) Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясы өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі  Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан Президенті Сооронбай Жээнбеков, Ресей Президенті Владимир Путин, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Арменияның Премьер-Министрі Николай Пашинян, сондай-ақ ҰҚШҰ Бас хатшысының міндетін атқарушы Валерий Семериков шағын құрамда кездесу өткізді. Содан кейін делегация мүшелерінің қатысуымен келіссөздер жалғасты. 

Мемлекеттер басшылары халықаралық және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөнінде пікір алмасты. ҰҚШҰ-ның 2019 жылғы басым бағыттарының іске асырылуын қорытындылап, алдағы жоспарын анықтады. Қасым-Жомарт Тоқаев шағын форматта өткен кездесуде қатысушы мемлекеттер басшыларына Қазақстанның ҰҚШҰ форматындағы өзара іс-қимылдардың өзекті мәселелері жөніндегі ұстанымын жеткізді. 

«Біз ҰҚШҰ аясындағы саяси ынтымақтастықты дамытуға, Ұйымның әскери-күштік әлеуетін нығайтуға және заманауи сын-қатерлер мен қауіптерге қарсы іс-қимылдар жасауға ниеттіміз», – деді Мемлекет басшысы. 

Халықаралық қауіпсіздік саласындағы саяси диалогты күшейту қажеттігін атап өткен Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразия кіндігінде орналасқан аумақтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісіндегі ҰҚШҰ-ның атқаратын жауапкершілігіне назар аударды. Оның пікірінше, Ұйым Еуропа мен Азияны қауіпсіздіктің біріңғай Еуразиялық платформасында байланыстыра отырып, өз позициясын қазіргіден де нығайта алатыны жөнінде пікір білдірді.   

Қасым-Жомарт Тоқаев осы мақсатқа қол жеткізу үшін бірқатар міндетті қарастыру керек екенін айтты.  Атап айтқанда, ҰҚШҰ-ның халықаралық беделін арттыру үшін жұмыс жүргізу қажеттігіне тоқталды. 

«Біз ешкімге қарсы шықпаймыз, керісінше, өзара тиімді диалогқа дайынбыз. Бұл ұстанымды ілгерілету маңызды», – деді Мемлекет басшысы. 

Осыған орай Қазақстан Президенті ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлерінің НАТО-дағы әріптестеріне биылғы мамыр айында жолдаған Ашық үндеуінің маңыздылығын атап өтіп, оның өзара сенімді нығайтуға және ынтымақтастықты дамытуға септігін тигізетінін айтты.   

Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚШҰ жанындағы Серіктес және Бақылаушы институттарды одан әрі дамытудың маңыздылығын атап өтті. Институттарды құру туралы шешім былтыр Қазақстан астанасында қабылданған болатын. Президенттің пікірінше, бұл институттар жұмыстарының алғашқы нәтижелері де айтарлықтай.

Президент ҰҚШҰ аясындағы сараптамалық-диалогтық инфрақұрылымды кеңейтуге шақырды. Мемлекет басшысының айтуынша, Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің алдағы сессияларының бірінде министрлер, Қауіпсіздік кеңесі хатшылары, ірі сарапшылар мен шетелдік қонақтар деңгейінде халықаралық конференция ұйымдастыру туралы ойланған жөн. Қасым-Жомарт Тоқаев Мюнхен конференциясын  мысалға келтірді.  Оның пікірінше, бұл жиын бастапқыда НАТО-ға мүше елдердің қорғаныс ведомстволары өкілдерінің бейресми кездесуі ретінде ұйымдастырылған еді, ал бүгінде Еуропаның қауіпсіздігіне қатысты проблемаларды талқылайтын беделді форумға айналды.

Мемлекет басшысы өз сөзінде ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер аумағындағы, соның ішінде Ауғанстандағы терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері туралы айтты. 

«Бүгінде ресми билік ел аумағының жартысынан астамын ғана бақылайды. Онда халықтың 65 пайызы  тұрады. Ауғанстанның қалған аймақтары террористік ұйымдардың қолында. Оңтүстіктен төнетін осындай қауіптің бар екенін ескере отырып, ҰҚШҰ халықаралық терроризм мен басқа да қатерлерге қарсы күресу үшін қарулы күштер мен құралдарды сақадай-сай ұстауы қажет», – деді Қазақстан Президенті. 

Мемлекет басшысы Саммит қатысушыларына «Жусан» арнайы гуманитарлық операциясының нәтижесі туралы айтып, осы шара барысында Қазақстан мен Сирияның салалық органдары 595 азаматты, оның ішінде 400-ден астам баланы қақтығыс аймағынан алып шыққанын жеткізді.

Президент жуырда ғана Ирактан бір топ баланың құтқарылғанын хабарлады.   Қасым-Жомарт Тоқаев заңсыз есірткі айналымымен күрес, ақпараттық және киберқауіпсіздік салаларындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелеріне назар аударды. Қазақстан Президенті сөзінің соңында ҰҚШҰ-ға төрағалық еткен қырғыз тарапының жетістіктері үшін Сооронбай Жээнбековке ризашылық білдіріп, Ұйым төрағалығын қабылдап алған ресейлік әріптестерін құттықтады.    Саммит қорытындысы бойынша ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары жаһандық және өңірлік қауіпсіздікті нығайту мақсатында халықаралық іс-қимылдар мен ынтымақтастықты жетілдіру туралы саяси мәлімдеме қабылдады. Бішкекте қабылданған құжаттар ҰҚШҰ аясындағы ықпалдастықты одан әрі нығайтуға бағытталған. Құжаттар Ұйымның ашықтығын және оның өзге елдермен және халықаралық құрылымдармен ынтымақтастығын кеңейтуге бейілдігін көрсетеді.

Сұхбат
Түркиядағы қазақ журналисі шетел асқысы келетін жастарға кеңесін айтты
Нұр-Сұлтандық полиглоттың тіл үйретудегі құпиясы
«Сергек» қожайыны жоба туралы бар шындықты айтты