$ 498.55  524.28  4.75
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
02.02.2021, 16:03
Саясат

Талғар ауданының әкімі «ұшты-күйлі» жоқ. Әкімдіктегілер оның қайда екенін білмейді

Әкімнің орынбасары өзіне қатысты тергеу жүріп жатқанын растады

Талғар ауданының әкімі «ұшты-күйлі» жоқ. Әкімдіктегілер оның қайда екенін білмейді

Алматы облысы Талғар ауданы әкімдігінде осыдан он күн бұрын ұсталды деген шенеуніктерге қатысты тың ақпарат жоқ. Тіпті олардың қайда екені және шын мәнінде ұсталды ма, жоқ па деген сауалға да жауап болмады. Өткен дүйсенбіден бері Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі де бұл жайында ресми мәлімет беруге асығар емес.

Azattyq Ruhy тілшісіне Талғар ауданы әкімі аппаратының персоналды басқару қызметінің басшысы Анар Қанатова аудан басшысы Серікжан Ерекешевтің өткен аптадан бері жұмысқа келмегенін жеткізді. Ал әкіммен бірге ұсталды делінген аудан әкімінің орынбасары Ахмет Әшімақын мен Асқар Шамаев жұмысқа шығып жүр, деді кадр жөніндегі бөлім жетекшісі.

«Ол кісілер жұмыста. Оларға қатысты антикордан ешқандай хат келген жоқ. Мысалы, шеттету немесе бас бостандығына қатысты сұраулар келмеді. Асқар Шамаев сырқаттанып қалды, қазір еңбекке жарамсыздық парақшасын аштырды. Тура қазір келсеңіздер, ол кісі жұмыста жоқ. Ахмет Әшімақын бүгіннен бастап еңбек демалысына шықты. Өзге қызметкерлер бойынша ешқандай ақпарат сұратып жатқан жоқ. Мысалы, аппарат басшысы да өз орнында отыр», - деді Анар Қанатова.

Ал, Алматы облысы әкімі аппаратының персоналды басқару қызметінің жетешісі Орал Нүсіпова Талғар ауданы әкімі Серікжан Ерекешевтің қайда екенінен бейхабармын деді. Бірақ 25 қаңтарда облыс әкімінің арнайы бұйрығымен аудан басшысының міндетін атқарушы болып Қайдар Әбдіханов тағайындалған. Ол аудан әкімінің көлік және автожолдар, кәсіпкерлік және өнеркәсіп, жер қатынастары, ауыл шаруашылығы сұрақтары бойынша орынбасары, дейді әкімдік қызметкері.

«Міндетін атқарушы болып сол жердегі орынбасары отыр. Қайдар Әлиханұлы. Ол 25 қаңтар, дүйсенбіден бастап кірісті. Ал Ерекешевтің қайда екені туралы қолымызда ешқандай ақпарат жоқ, біз де тек БАҚ-тан ғана естідік. Бізде ол кісі неге жұмыста жоқ деген мәселе бойынша іздеуге ешқандай негіздеме жоқ. Өздеріңіз де біліп отырсыздар ғой. Мен оның (Ерекешев – авт.) қайда екенін айта алмаймын», - деді облыстық кадр қызметінің басшысы.

Ал, жемқорлығы үшін күдікке ілінді деген Талғар ауданы әкімінің орынбасары Ахмет Әшімақын Azattyq Ruhy тілшісіне бүгіннен бастап еңбек демалысына шыққанын айтты. Ол Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті өзіне қатысты тергеу жүргізіп жатқанын растады.

«Мен бүгіннен бастап еңбек демалысындамын. Осыған дейін бір апта жұмыста болдым. Тергеу ісі жүріп жатыр. Соған қарап нәтиже шығатын шығар. Қазір артық ақпарат айта алмаймын. Бізден бәрімізден түсініктеме алды. Мені қамаған жоқ. Ерекешевтің қайда екенін білмеймін. Өзіме қатысты ғана айта аламын. Маған қатысты қылмыстық іс қозғалғаны туралы ақпарат айта алмаймын», - деді аудан әкімінің идеология жөніндегі орынбасары Ахмет Әшімақын.

Оқи отырыңыз: Талғар ауданы әкімдігінде не болып жатыр? Әкім мен орынбасарын жұмадан бері ешкім көрмеген

Талғар ауданында қалыптасқан жағдайға байланысты танымал заңгерлер пікір білдірді. Джохар Өтебеков мұндай қоғамда резонанс тудырған мәселелерге қатысты ресми органдар пікір білдіруге міндетті дейді. Не болғаны, қандай іс-шаралар атқарылып жатқаны туралы қоғамға ақпарат берілуі тиіс.

«Негізі антикор әрбір әрекетін прокуратурамен келісе отырып істейді. Санкция беру бойынша да тиісті құзырлы органдармен үйлестіру керек. Сондықтан бұл процедуралар өз ішінде жүріп жатқан болар. Тергеу соты шара қолдануы керек. Бұлтартпау туралы шара қолдану ашық сот жағдайында өтуі керек еді. Оны БАҚ беттерінде жариялауы тиіс болатын. Ешқайда кетпеу туралы қолхатпен жібере ме, әлде кепілдікпен жібере ме мүмкін екі айға қамауға ала ма, бұл жағын реттейтін белгілі заң нормалары бар. Әйтпесе ел-жұрт әкім жоғалып кетті деп ойлап отыр ғой. Осыдан кейін ел арасында құзырлы органдарға сенім жоғалады. Өзара «шешіп тастады» деген сыбыстар тарайды. Сондықтан түсініктеме берілетін уақыт келді», - дейді Джохар Өтебеков.

Тағы бір заңгер Сергей Уткин күдіктіні үш тәулік немесе 72 сағаттан артық негізсіз ұстауға ешкімнің құқығы жоқ, деп санайды. Бірақ ресми органдар комментарий беруге міндетті деген заң жоқ. Алайда, қоғам назарындағы мәселе, ірі қызметтегі шенеунік туралы ақпарат болса, айтылуы тиіс.

«Қылмыстық іс аясында олар ашып көрсетуге тиіс деректердің қатарына ұстау мерзімі, ұстаудың себебі кіруі мүмкін. Мұның барлығын қадағалайтын орган бар. Ол – прокуратура. Ақпаратты қоғамға тарату мәселесінде де прокуратураның рөлі маңызды. БАҚ өкілдері де осы органдардан сұрауы тиіс. Ал, егер дәлел болмаса, 72 сағаттың ішінде босатуы керек немесе алдын ала айыптар тағылуы тиіс еді. Сосын Талғар аудандық соты оған санкция беріп, ұсталған мерзімін жария етуі тиіс еді. Ол да жоқ. Бұл туралы сот кабинетінен ақпарат алуға болады. Егер сот бұлтартпау шарасын қолданбаса, оның қамауда отыруы заңсыз», - дейді белгілі заңгер.

Алматы облыстық сотының баспасөз хатшысы Самат Авганов ҚР ҚПК 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерiн жария етуге жол бермеу туралы бап негізінде, пікір білдірметінін айтты. Серікжан Ерекешев пен оның қарамағындағы қызметкерлерге қатысты бұлтартпау шарасы қолданылды ма деген сұрақтың басы ашық қалып отыр.   

«Сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерi жария етiлмеуге тиіс. Олар, егер бұл тергеп-тексеру мүдделерiне қайшы келмесе және басқа тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерiн бұзуға байланысты болмаса, прокурордың рұқсатымен қандай көлемде жария ету мүмкiн деп танылса, сол көлемде жария етiлуi мүмкiн», - деді С.Авганов.

Айта кету керек, осыдан бірнеше күн бұрын әлеуметтік желілер мен Telegram-мессенджеріндегі каналдарда Талғар ауданының әкімі С.Ерекешев пен әкім орынбасары А.Ашимахун және ауданның тұрғын үй шаруашылығы бөлімінің жетекшісі А.Шамаев ұсталды деген хабарлама тарады.

Кейбір дереккөздер ұсталғандар арасында аудандық мәслихат хатшылығына жаңадан тағайындалған, бұрын аудан әкімінің көмекшісі қызметін атқарған азаматтың да бар екенін айтады.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары