Сапар аясында бірқатар екіжақты құжаттарға қол қою жоспарланған
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік сапармен Қырғызстанға келді. Оны Бішкектегі «Манас» халықаралық әуежайынан қырғыз президенті Сооронбай Жээнбеков қарсы алды. Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли хабарлады.
«Сапар аясында жоғары деңгейдегі келіссөздер мен бірқатар екіжақты құжаттарға қол қою жоспарланған. Сондай-ақ екі елдің көшбасшылары баспасөз үшін бірлескен мәлімдеме жасайды», - деп жазды Берік Уәли.
Сонымен қатар, Тоқаев пен Жээнбеков бірлесіп «Ата-бейіт» ұлттық тарихи-мемориалдық кешені мен Шыңғыс Айтматовтың мұражай-үйіне барады. Ал, ертең Қ.Тоқаев Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясына қатысады.