Медведев «Nur Otan» төрағасын сайлаудағы жеңісімен құттықтады
Нұрсұлтан Назарбаев Дмитрий Медведевпен телефон арқылы сөйлесті
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Единая Россия» бүкілресейлік саяси партиясының төрағасы, Ресей Федерциясының қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведевпен телефон арқылы сөйлесті.
Дмитрий Медведев Елбасыны Қазақстанда 10 қаңтарда өткен Мәжіліс депутаттарының кезекті сайлауында «Nur Otan» партиясының айқын жеңіске жетуімен құттықтады. Сондай-ақ ол дауыс беру нәтижелері жалпыұлттық сенімді және партияның елді өркендетуге бағытталған стратегиялық бағдарын қолдайтынын көрсеткенін атап өтті.
Нұрсұлтан Назарбаев Дмитрий Медведевке жылы лебізі үшін ризашылығын білдіріп, Қазақстан-Ресей стратегиялық және одақтастық қатынастарының рухы мен мазмұнына сай келетін «Nur Otan» мен «Единая Россия» партияларының арасындағы ынтымақтастық жоғары деңгейде екеніне тоқталды.
Тараптар алдағы уақытта да екі елдің басты партиялары арасындағы өзара іс-қимылды одан әрі тереңдету және кеңейту жөнінде пікір білдірді.
Қазақстанда мәжіліс депутаттарының сайлауы 2021 жылы 10 қаңтарда өтті. Дауыс беру нәтижесінде Nur Otan (71,09% дауыс), «Ақ жол» (10,95%) және «Қазақстан халық партиясы» (9,1%) жеңіске жетті.