«Елбасының тапсырмасы орындалды». Байбек мәслихаттардағы өзгерістер туралы айтты
Жалпы, мәслихаттардағы Nur Otan фракциялардың құрамы 65%-ке жаңарды
«Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек мәслихаттарға сайлау қорытындысы туралы желіде жазба жариялады. Ол жазбасында партия фракцияларының құрамына және жаңадан сайланған депутаттардың орташа жасына да тоқталды.
«Өздеріңіз білетіндей, «Nur Otan» барлық 216 аумақтық мәслихатқа тізім ұсынды. Жергілікті өкілді органдарға сайлау қорытындысы бойынша партияға орта есеппен сайлаушылардың 82,4%-ы дауыс берді. Осылайша, барлық деңгейдегі мәслихаттардағы 3 276 мандаттың 2 701-ін нұротандықтар иеленді.
Кеше партия филиалдарының саяси кеңестері бюросы отырыстарының қорытындысы бойынша еліміздің барлық облыстары, аудандары мен қалаларындағы мәслихат депутаттарының тізімі жасалып, тіркеу үшін өңірлік сайлау комиссияларына жолданды», - деп жазды.
Жалпы, мәслихаттардағы Nur Otan фракциялардың құрамы 65%-ке жаңарды. Партияның депутаттық корпусы 6 жылға жасарып, халық қалаулыларының орташа жасы 45 жасты құраған.
Сондай-ақ, Бауыржан Байбек жаңадан сайланған депутаттардың арасындағы әйелдер мен жастардың үлес санына қатысты да ерекше тоқталды.
«Nur Otan»-нан сайланған барлық депутаттардың үштен бірі – әйелдер, 35 жасқа дейінгі жастар - 23%. Олардың қатары сәйкесінше 11% және 16%-ға артты. Осылайша, Елбасы, партия Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың барлық деңгейдегі маслихаттарда әйелдер мен жастардың үлес санын арттыру жөніндегі тапсырмасы толық орындалды.
423 депутат – партияға жаңадан кірген, праймериз аясындағы әлеуметтік лифтіні пайдалана отырып, партияішілік іріктеудің барлық кезеңдерінен өткен азаматтық белсенділер, қоғамдық пікір көшбасшылары», - деді Бауыржан Байбек.
Депутаттық корпусқа білім және ғылым, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт, ҮЕҰ, БАҚ, кәсіподақ, өнеркәсіп өкілдері, сондай-ақ кәсіпкерлер, фермерлер, көпбалалы аналар, қандастар, ерекше қажеттіліктері бар адамдар және т.б. кірді. Мәслихаттарда әр түрлі санаттағы азаматтардың өкілдік етуі шешімдер қабылдаудың теңгерімділігін және барлық әлеуметтік топтардың мүддесін қорғауды қамтамасыз етеді.
«Елбасы атап өткендей, «Nur Otan» партиясынан депутат болу – артықшылық емес, үлкен жауапкершілік. Алдымызда ауқымды міндеттер тұр. Тек бірлесіп қана біз барлық қиындықтарды еңсеріп, көздеген мақсаттарымызға қол жеткізе аламыз!», - деді Бауыржан Байбек.