«Келушілер тым аз, митинг болуы ғажап емес»: Қырғызстандағы сайлау туралы саясаттанушы пікірі
Көрші елде президент сайлауы мен референдум өтіп жатыр

Қырғыз Республикасында тағы да митинг басталды. Бейбіт шеруге шыққандар конституцияның өзгеруіне қарсы екенін білдірген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Елде президент сайлауы мен мемлекеттік басқару жүйесін өзгертуге байланысты референдум өтіп жатыр. Президент болуға басты үміткер Садыр Жапаров болса, үкімет мүшелерін, қала әкімдерін тағайындауды бұрынғыдай Жогоргу Кенеш депутаттарына емес, мемлекет басшысының құзыретіне беру керек деп есептейді.
Сайлау өтіп жатқан сәтте бейбіт шеруге шыққандар конституцияға тағы да өзгеріс енгізуге қарсы екенін білдірді. Михаил Фрунзе ескерткішінің жанына жиналған шерушілер (теміржол вокзалының жаны – авт.) «Кеш емес, дауыс бер!» деген плакаттармен жүрді. «Ала-Тоо» орталық алаңына бет алған шерушілер Қырғызстанның әнұранын айтып, ұрандатты. Жалпы, көшеде адам қарасы аз, қырғыз халқының осы сайлаудағы белсенділігі өте төмен.
«Кезектен тыс өтіп жатқан президент сайлауына тұрғындардың белсенді араласуы өте төмен. Учаскелерге барып жатқан сайлаушылар қатары өте аз. Бұның екі себебі бар: былтыр қазан айында өткен Жогорку Кенеш депутаттарын сайлау барысында дауыс сатылғандықтан адамдар көп барды. Бұл жолы дауыстың сатылуына жол берілмегендіктен сайлаушылар аз және күннің қатты суық болуының да тигізген әсері бар. Былтырғы сайлауда адамдарды топтап әкеліп дауыс бергізді. Бұл жолы ондай заңбұзушылыққа жол жоқ. Сайлауға адамдардың бармауына тағы бір себеп - халықтың қазіргі жүйеге, президенттікке таласып жатқан үміткерлерге сенбеуі. Сайлау учаскелерінен онлайн трансляция жүргізіліп жатқан жоқ. Сондықтан кімнің алда келе жатқанын білу қиын», - деді қырғызстандық саясаттанушы Алмаз Таджибай.
Алмаз Таджибай көшеге аздаған адамның шығуы «дауыл алдындағы тыныштық», яғни үлкен толқудың басталуы болуы мүмкін деп есептейді. Елде жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастрығысы келетіндердің бар екенін қазіргі билік те жоққа шығармаған. Конституцияға өзгеріс енгізуге қарсы адамдардың саны сайлау қортындысынан соң нақты белгілі болады.
Дауыс беру бюллетенінде үш нұсқа бар: президенттік, парламенттік немесе екеуіне де қарсы деген. Референдум қабылдану үшін кемінде 30% сайлаушының дауысы жиналуы тиіс. Ел көлемінде 3,5 млн-нан астам сайлаушы тіркелген. Алайда, түске дейін дауыс беруге барған халықтың үлесі 10%-ға да жетпейді. Қырғызстан Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нуржан Шайлдабековтың мәліметінше, әзірге дауыс беруге бар-жоғы 330 609 адам барған. Соңғы мәлімет бойынша, дауыс беруде Ош қаласының тұрғындары белсендірек.
- Бішкек – 9,01% (37 500);
- Ош қаласы – 14,07% (21 260);
- Жалал-Абад облысы – 9,47% (63 152);
- Ыстық көл облысы – 10,42% (32 058);
- Нарын облысы – 9,41% (19 050);
- Ош облысы – 9,21% (66 581);
- Талас облысы – 8,34% (13 169);
- Чуй облысы – 7,83% (46 312);
- Баткен облысы – 9,77% (29 032);
- СІМ – 5,04% (2495).
Мерзімінен бұрын президент сайлауын өткізу елдің бұрынғы басшысы Сооронбай Жээнбеков 15 қазанда биліктен кеткен соң жарияланды. 10 күнге созылған теке-тірестен кейін экс-президент Жээнбеков отставкаға кетуге мәжбүр болды. Ал, Қырғызстанды басқарғысы келетін мына адамдар президенттікке үміткерлер ретінде бүгін бәсекеге түсіп жатыр:
- Садыр Жапаров;
- Қанатбек Исаев;
- Мықтыбек Арыстанбек;
- Клара Сооронқұлова;
- Имамидин Ташов;
- Әбділ Сегізбаев;
- Адахан Мадумаров;
- Аймен Қасенов;
- Улукбек Кочкоров;
- Женишбек Байгуттиев;
- Эльдар Абакиров;
- Курсан Асанов;
- Арыстанбек Әбділдаев;
- Равшан Жээнбеков;
- Бақтыбек Калмаматов;
- Бабыржан Төлбаев;
- Қаныбек Иманалиев.
4 қазанда өткен Қырғызстандағы парламент сайлауында үш партия жеңіске жетті. Алайда, ОСК шешімімен келіспеген оппозиция тұрғындарды көтеріліске шақырып, елде жаппай наразылық басталды. 2012 жылы билікті күштеп басып алмақ болғаны үшін сотталған Садыр Жапаровты шерушілер түрмеден шығарып алды. Қырғызстандық саясаткерлер бүгін Садыр Жапаров сайлаушылардың 40% астам дауысын жинаса, ол президент атанады деп отыр.
«Үмітерлердің арасында сайлаушылардың 1% дауысын да жинай алмайтын адамдар болуы мүмкін. Дауыс тең түсіп жатса, сайлаудың екінші туры өтеді. Тартыс Садыр Жапаров пен Адахан Мадумаровтың арасында өтеді, екеуін жақтайтындар көп. Саяси элита кімде билік болса соның жағына өтебереді. Бұрынғы сайлауда парламентке өтіп кеткен, Жээнбековты қолдаған «Мекенім Қырғызстан», «Биримдик» және «Бүтін Қырғызстан» сынды үш партия қазір Садыр Жапаровтың жағына өтіп кеткен. Бизнес өкілдері де кәсібіне тосқауыл болмасын, кесірі тимесін деп Жапаровты қолдап отыр. Ал қолында ештеңесі жоқ қарапайым тұрғындар, «жемқорлықты жоямыз», «байлықты мемлекетке қайтарамыз» деп БАҚ арқылы ұрандататын биліктің манипуляциясына сенеді. Бүгін аздаған адам көшеге шықты. Әдетте, митинг сайлаудың ертеңінде басталады. Ертең Бішкек күні қалай өтетіні белгісіз. Кім жеңсе де, Қырғыз мемлекетін 2021 жылы да ауыр кезең күтіп тұр», - деді саясаттанушы.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы