Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев сайлауда дауыс берді
Елімізде бүгін Мәжіліс пен мәслихаттар депутаттарын сайлау басталды
ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев Мәжіліс пен мәслихаттар депутаттары сайлауында дауыс берді. Ол таңдауын елордадағы №126 сайлау учаскесінде (Мақсұт Нәрікбаев атындағы №79 мектеп-лицейде) жасады.
«Бүгін еліміз үшін айрықшы сәт деп ойлаймын. Халқымыздың ең асыл мұраты – Тәуелсіздікті нығайту жолында мақсатымыз, сондай-ақ өскелең ұрпақ алдында үлкен жауапкершілігіміз бар. Халқымыз осындай маңызды сәтте ынтымағы мен бірлігін көрсетеді деп ойлаймын. Әлемде қоғамды жік-жікке бөлген әрқилы оқиғалар болып жатыр. Осы сайлау – халқымыздың бірлігі мен ынтымағының, Тәуелсіздік жолында ең ізгі қасиеттерімізді көрсетеді деген ойдамын», - деді Қырымбек Көшербаев.
Айта кетейік, Қазақстанда Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарын сайлау басталды. Дауыс беру 14 облыс пен Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында өтіп жатыр.