ТМД елдері ядролық немесе радиациялық апат жағдайында бір-біріне көмек беруге дайын
Мәжіліс заң жобасын мақұлдады
Мәжілістің жалпы отырысында «ТМД ұйымына қатысушы мемлекеттердің ядролық авария немесе радиациялық авариялық ахуал туындаған жағдайда дайындықты және олардың зардаптарын жою кезіндегі өзара көмекті қамтамасыз ету бойынша өзара іс-қимылы туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев келісімді әзірлеу 2016 жылғы 18 наурыздағы атом энергиясын бейбіт мақсаттарда пайдалану саласындағы ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ядролық және радиациялық қауіпсіздік тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі бірінші кезектегі іс-шаралар жоспарында көзделгенін айтты.
«Осы келісімді ратификациялау ядролық авария немесе радиациялық авариялық жағдай туындаған жағдайда ТМД-ға қатысушы мемлекеттер арасында ақпарат пен көмекті жедел ұсынуға мүмкіндік береді. Келісім ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің уәкілетті (құзыретті) органдары арасындағы өзара іс-қимылдың жеделдігі мен өнімділігін арттыруға, атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалануға байланысты кез келген ықтимал инциденттерге уақытылы ден қоюға бағытталған», - деді министр Мәжіліс отырысында.
Келісім жобасы 2018 жылғы 14 маусымда ТМД Экономикалық кеңесінің отырысында мақұлданған. 2018 жылғы 2 қарашада Нұр-Сұлтанда (Астанада) ТМД Үкімет басшылары кеңесінің отырысы шеңберінде Қазақстан Премьер-министрі құжатқа қол қойды.
«Армения, Беларусь Республикасы, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей Федерациясы, Тәжікстан және Өзбекстан – келісімге қатысушылар. Бүгінгі таңда біз іс жүзінде әлемдік коронавирус індетімен, COVID-19 пандемиясымен және басқа да жұқпалы аурулардың өршуімен бетпе-бет келіп отырмыз, онда төтенше жағдайларға ден қоюдың тиімді шараларын қабылдау, сондай-ақ көрші елдердің, соның ішінде ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің жедел ден қою және көмек көрсету жөніндегі үйлесімді іс-әрекеттері талап етіледі», - деп қосты министр.
Ноғаев аталған келісім ядролық немесе радиациялық авария туындаған жағдайда бұл келісім мамандандырылған авариялық-құтқару құрамаларын, мамандарды, жабдықтарды, көлік құралдары мен материалдарды трансшекаралық ауыстыру рәсімдерін жеңілдетуге мүмкіндік беретінін түсіндірді.