Ресейлік депутат «Қазақстанның солтүстігі – Ресейдің тартуы» деп даулы мәлімдеме жасаған еді
Бүгін ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Мәжілістің жалпы отырысында ресейлік саясаткерлердің Қазақстанға қатысты айтқан даулы мәлімдемесіне қатысты жауап берді. Министрдің айтуынша, тиісті нота жолданып, шара қабылданған.
«Қалыптасқан тәжірибеге сәйкес, олар ресми түрде жауап бермейді. Бірақ қабылдаған іс-шаралар туралы бізге хабарлады. Олар парламентке, президент әкімшілігіне хабарласып, мұндай сөздерді айтуға болмайды деп ескерту жасаған», - деді министр.
Сондай-ақ министр қазақ ретінде, Қазақстан азаматы ретінде мұндай сөздер оның намысына тиетінін айтты.
«Жоғары білім алғаннан кейін, Отанымыздың тарихын білгеннен кейін мұндай сөздерге орысша былай деп жауап берер едім: бред сивой кобылы. Мұндай мәселеде ең алдымен, тарихшыларға, ғалымдарға сүйену керек. Министр ретінде айтарым: бұл Ресейдің ресми ұстанымына сәйкес келмейді. Біздің шекарамыз заң түрінде делимитацияланған. Екіжақты шартқа қол қойылды. Қазіргі таңда шекарамызды демаркациялаудан өткізіп жатырмыз. Пандемияға байланысты бұл процесс сәл тоқтап қалды. Келесі үш жылда біз демаркацияны аяқтаймыз», - деді министр.
Еске сала кетейік, жақында РФ мемлекеттік думасының білім және ғылым жөніндегі комитетінің төрағасы Вячеслав Никонов телеарналардың бірінде «Қазақстанның солтүстігі – Ресейдің тартуы» деп даулы мәлімдеме жасады. Осыған байланысты ҚР Сыртқы істер министрлігіне Ресей Федерациясының уақытша сенімді өкілі Александр Комаров шақырылып, ресейлік дипломатқа ҚР СІМ ұстанымы көрсетілген нота табысталды.
Никоновтың даулы мәлімдемесінен кейін ҚР Сенатының депутаты Мұхтар Құл-Мұхамед жауап беріп, «Бұл – миллиондаған қазақ пен орыстың тарихи танымын қорлау» деген баға берді.
Түркия жастары да ресейлік депутаттың даулы мәлімдесіне қатысты акция бастап, «Ресей, Қазақстаннан қолыңды тарт!», «Қазақстан жалғыз емес!», «Кім Қазақстанға қарсы болса, Түркияға да қарсы!» деген ұранмен қолдау көрсетуді бастады. Бұл туралы қазақ тілін қорғауға белсенді атсалысып жүрген Оғыз Доған YouTube желісінде жариялады.