$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
23.12.2020, 11:09
Саясат

«КСРО жоқ, ондай мемлекет енді болмайды»: қазақстандық подполковник ресейлік депутатқа жауап берді

Запастағы подполковник Мұрат Мұхамеджанов пен ресейлік депутат Евгений Федоров өзара дебат өткізді

«КСРО жоқ, ондай мемлекет енді болмайды»: қазақстандық подполковник ресейлік депутатқа жауап берді

Тәжік-ауған шекарасындағы әскери іс-қимылдарға қатысушылардың республикалық одағының төрағасы, запастағы подполковник Мұрат Мұхамеджанов пен РФ мемлекеттік думасының депутаты Евгений Федоров тікелей эфирде «Қазақстан аумағы кімге тиесілі?» деген тақырыпта пікірсайыс өткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Бұған дейін ресейлік депутат «Ресей өзіне тиесілі бірнеше аймақты Қазақстанға сыйға берген» деп даулы мәлімдеме жасады. Сондай-ақ, депутат Қазақстан Ресейден жерді жалға алғанын, ерте ме, кеш пе, оны қайтаруы тиіс деген сыңайдағы пікірін айтты.

«Сіздерде Орынбор, Омбы, Томск, Түмен, Астрахан және басқа да қалалар бар. Алтай өлкесі, Орал жерлері де бар. Бұл бір кездері біздің территориямыз, яғни қазақ халқының жері болған. Біз де және біздің аса құрметті Президентіміз бұл мәселені қозғаудың қажеті жоқ екенін айтты. Өзіңіз атап өткендей, КСРО құрамынан шығар алдында сіздер де басқа республикалардан, оның ішінде Қазақстаннан да сый алғандырыңызды ұмытпағандарыңыз жөн», - деп жауап берді Мұрат Мұхамеджанов.

Мұхамеджанов Қазақстан Одақтың басқа республикалары сынды КСРО-ның құқықтық мұрагері екенін атап өтті. Естеріңізге сала кетейік, Федоров «егер Қазақстан Кеңес Одағынан шығатыны туралы мәлімдесе немесе кем дегенде, одақтас мемлекет ретінде алмастырушы жобаға кіруден бас тартса, онда бұл жағдайда Қазақстан депутаттарының қолы қойылған КСРО құрамына кіру туралы заң бойынша олар бұл аумақты қайтаруға міндетті» деп мәлімдеді.

«Сіздер, яғни Ресей Кеңес Одағының құрамынан бірінші болып шықтыңыздар. Одақтан өздеріңіз бірінші болып шығып, есікті жаптыңыздар. Біз өз егемендігімізді 1991 жылдың желтоқсанында ғана жарияладық, яғни Қазақстан барлық шарттар мен келісімдерді сақтады. Ал Ресей 1990 жылдың 12 маусымында декларацияға қол қойып, Одақ құрамынан шығып, өзін егемен мемлекет деп жариялады. Сондықтан заңға сәйкес талапты Ресей де ұстанған жоқ. Өздеріңіз де кінәлі бола тұра, оны неге мойындамайсыздар?», - деді Мұхамеджанов.

Запастағы подполковник мұнымен тоқталған жоқ.

«Сіз өзіңіз де полковниксіз, Ауғанстанда қызмет еттіңіз, Кеңес Одағына ант бердіңіз. Неге Сіз, полковник, өз мемлекетіңізді, оның аумақтық тұтастығын қорғай алмадыңыз? Сіз Отан үшін өмірімді құрбан етемін деп ант қабылдадыңыз. Неге Сіз әлі күнге дейін жер басып жүрсіз? Сіз елді қорғау кезінде жаныңызды құрбан етуіңіз керек еді. Сіз ТЖМК құрамына кіріп, азаматтық борышыңызды өтеуіңіз керек еді. Бірақ оның орнына сіз бүгін адамдарға дұрыс емес дүниелерді үйретіп отырсыз», - деп жалғастырды қазақстандық подполковник.

Мұхамеджанов Қазақстан өз егемендігін тиісті деңгейде қорғап отырғанын және алдағы уақытта солай жалғасатынын атап өтті. Сонымен қатар, подполковник еліміздің артында күллі түркі әлемінің бауырлас елдері кез келген уақытта көмек қолын созуға дайын екенін мәлімдеді.

«Кеңес Одағы жоқ, ондай мемлекет те жоқ және болмайды! Біз тәуелсіздігімізді әрқашан қорғаймыз! Қазақстан - бейбіт мемлекет. Бізде бітімгершілік туралы заң бар. Біздің бөлімшелеріміз өңірлердегі бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге атсалысады. Біздің басқыншылық жоспарымыз да, жауымыз да жоқ. Бірақ Сіздердің осындай мәлімдемелеріңіз Қазақстанды ойлануға мәжбүр етеді. Мен сізге бір нәрсені айтайын: Қазақстанның халқы аз болса да, 18 млн, бірақ соған қарамастан Қазақстанның артында кейбір әскери шенеуніктердің қандай да бір басқыншылық жоспарларына (орындалуына – AR) жол бермейтін түркі бауырларымыз, мұсылман бауырларымыз өте көп», - деді Мұрат Мұхамеджанов.

Еске сала кетейік, жақында Түркия жастары да ресейлік депутат Вячеслав Никоновтың даулы мәлімдесіне қарсы акция бастап, «Ресей, Қазақстаннан қолыңды тарт!», «Қазақстан жалғыз емес!», «Кім Қазақстанға қарсы болса, Түркияға да қарсы!» деген ұранмен қолдау көрсетуді бастады. 

Серіктес жаңалықтары