«Олар шынайы нәрсе ұсына білуі тиіс»: Нұрсұлтан Назарбаев оппозиция туралы пікірін айтты
Елбасы туралы түсірілген деректі фильмнің «Портреттің штрихтары. Тәуелсіздік» атты екінші бөлімі жарық көрді
ҚР Тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Портреттің штрихтары. Тәуелсіздік» атты деректі фильмде Қазақстандағы оппозиция және оның қандай болуы тиіс екені жөнінде пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Оппозиция болуы керек. Ол конструктивті түрде туындап отыруы тиіс. Біз жас тәуелсіз мемлекетпіз. Бәрі бірден ойдағыдай бола қойған жоқ. Біздің көршілеріміз өте ықпалды елдер, сондықтан осы уақытқа дейін қол жеткізген барлық нәрседен бір сәтте айырылып қалуымыз мүмкін. Сол үшін билік қажет. Егер вертикаль билік болмаса, бірде-бір идеяны жүзеге асыра алмас едік. Біз әрдайым айтысып, үнемі митингіге шығып, сол жақта мәселелерді талқылап жүретін боламыз», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы тәуелсіздік алған алғашқы уақытта өз шешімдерінің көпшілігі дұрыс қабылдана бермегенін еске ала отырып, сол жайттарды да оппозицияға жатқызуға болар еді деді.
«Мен әрдайым Қазақстанда шағын дәне орта бизнестің басымдыққа ие болғанда, әркімнің өз зауытының, өз кәсіпорнының мүддесін қорғай алатыны жөнінде айтып келемін. Біз мемлекетті шайқалтуға жол бермейміз, әйтпегенде сол мемлекетке тірек болып тұрған кәсіпорындарымыздан, жетістіктерімізден айырылып қаламыз. Бастапқы жылдары бәрі оппозиционер сияқты болып көрінетін. Біздің неліктен нарыққа көшуге тиіс екенімізді, неліктен ірі мұнай-газ нысандары жекешелендірілуі, неліктен шетелдік компаниялардың басқаруына берілуі тиіс екенін ешкім түсінбейтін. Ешкім түсінбеді. Яғни, түсінбесе, қарсы шықса, ол оппозиция емес пе? Оппозиция. Біз жекешелендіру туралы, қаржы, жалпы қаржылық жүйе туралы, ауыл шаруашылығы, жер туралы, кен орындары туралы заңдарды қандай қиындықпен, айқаспен жүріп қабылдадық. Сол кезде оппозиция мықты болды», - деп атап өтті ол.
Тұңғыш Президент саяси оппозиция туралы да пікір білдіріп өтті.
«Сіз басқа, саяси оппозиция туралы айтып отырсыз ғой. Бірақ саяси оппозиция мемлекеттің дамуына байланысты пайда болып отырады, оны қолмен құруға болмайды. Мәселен, бір топ адамды жинап алып, сендер енді оппозициясыңдар, барып жұмыс істеңдер деуге бола ма? Сондықтан мен мемлекетіміздің еркін, демократиялық ел екенін жақсы түсінемін. Егер солай болса, онда пікірлер де алуан болуы тиіс. Егер сын айтылса, оппозиция болса, олар міне, мынау дұрыс емес, оны былайша сындарлы етіп жасайық деп өз ұсыныстарын білдіріп отыруы тиіс. Оппозиция дегеніміз сол. Ондай жағдайда олармен келісім жасасып, мына ұсынысты сен айтып отырсың, өзің не атқара аласың дегендей талқылауға отыруға болар еді. Сондай оппозиция болса дейсің. Ал ондай оппозиция болған емес», - деп сөзін қорытындылады Нұрсұлтан Назарбаев.
Айта кетсек, ҚР Тұңғыш президенті – Елбасының баспасөз хатшысы Айдос Үкібай Twitter-дегі парақшасында Елбасы туралы түсірілген «Портреттің штрихтары» деректі фильмінің екінші бөлімін жариялады.
«Портреттің штрихтары. Тәуелсіздік» жобасының алғашқы сериясы 1 желтоқсан күні «Хабар» арнасынан көрсетілген болатын.