Бердібек Сапарбаев «командамен жүретін әкім» деген сынға жауап берді

Автор: Azattyq Rýhy

Аймақ басшысы өз орынбасары Ержан Жылқыбаев туралы айтты

Жамбыл обылысының әкімі Бердібек Сапарбаев ОКҚ алаңында тілшілердің «Билік жолында командамен жүресіз бе?» деген сұрағына жауап берді.

«Бұл сұрақ маған бірінші рет қойылып отырған жоқ. Бәріне айтарым: Конституцияға сәйкес, еліміздің кез келген азаматы Қазақстанның кез келген жерінде еңбек ете алады. Екіншіден, Ержан Жылқыбаев туралы айтар болсам, Мемлекет басшысының тапсырмасымен Жамбыл облысының бұрынғы орынбасары лауазымынан босатылған болатын. Ал ол әлеуметтік мәселелер үшін жауап беретін. Өзіңіз білетіндей, Ержан Жылқыбаев Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары болған. Сондықтан бұл саланы бес саусағындай білетін азамат керек болды», - деді әкім.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы мен аймақ прокуроры Сапарбаев басқарған тұста Ақтөбеде қызметте болған. Алайда, аймақ басшысы мұндай лауазымға тағайындау облыс әкімінің құзырына кірмейтінін айтты.

«Мүмкін, Қордайдағы оқиға жағдайға байланысты бұл істен хабары бар азаматтар керек болған шығар. Ақтөбе облысында террор болған кезде дәл сол қызметкерлер сонда жұмыс істеген. Осыны ескере отырып, Бас прокуратура мен ҰҚК басшысы ұлтаралық қарым-қатынас саласында қарым-қатынасты қамтамасыз ету үшін Жамбыл облысына тағайындаған болуы керек», - деді ол.