$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
30.11.2020, 18:02
Саясат

Грант, мемтапсырыс, демеуші. Қазақстанның азаматтық қоғамы қалай дамып жатыр?

Қазір елімізде 22 мыңнан астам ҮЕҰ бар

Грант, мемтапсырыс, демеуші. Қазақстанның азаматтық қоғамы қалай дамып жатыр?

Қазақстанда ресми тіркелген 20 мыңнан астам үкіметтік емес ұйымның шын мәнінде нешеуі «тірі»? Қоғамдық даму министрлігі үкіметтік емес ұйымдарға қандай нақты қолдау жасап отыр? Бізде тіркелген ұйымдардың көбі қоғамның қай саласын «дамытып» жүр? Қазақстанда азаматтық қоғамның негізгі тілі қандай және Дос Көшімнің пікірінше, қазақтілді азаматтық қоғамды дамыту үшін не істеу керек? Azattyq Ruhy тілшісі бүгін осы сұрақтарға жауап іздеп көрген еді.

22 МЫҢ ҰЙЫМНЫҢ ТЕК БЕС МЫҢНАН АСТАМЫ ҒАНА БЕЛСЕНДІ ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ

Azattyq Ruhy редакциясының сауалына жауап берген Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ресми статистика ұсынды.

Дәл қазір Қазақстан Республикасында 22 344 үкіметтік емес ұйым тіркелген. Оның ішінде, қоғамдық бірлестіктер саны – 10 645, қорлар – 6 806, мекемелер – 3333, заңды тұлғалар бірлестігі – 1 560.

Ал осы ресми тіркелген 22 мыңнан астам ұйымның ішінде 16 426 үкіметтік емес ұйым әрекет етеді, оның ішінде тек 5236 ұйым белсенді.

«Қазір Қазақстан Республикасында үкіметтік емес ұйымдарды мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, гранттар және сыйлықақылар түрінде мемлекеттік қолдау жүйесі жұмыс істейді», - делінген вице-министр Болат Тілеповтің берген жауабында.

БИЫЛ ҮКІМЕТТІК ЕМЕС ҰЙЫМДАРМЕН 25 МЛРД ТЕҢГЕНІҢ МЕМТАПСЫРЫСЫ ЖАСАЛҒАН

«Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар және сыйлықақылар туралы заңның 5-бабының 1-тармағына сәйкес, мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты іске асыру, гранттар ұсыну және сыйлықақылар беру беру үкіметтік емес ұйымдармен 15 бағыт жүзеге асырылады.

15 жылдан астам уақыт іске асып келе жатқан мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс қаржыландыру көлемінің оң серпінімен, салалық қағидаттың кеңеюйімен және мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты іксе асыруға қатысатын үкіметтік емес ұйымдардың санының ұлғаюымен сипатталады», - деп жауап берген Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Тілепов қаражатқа қатысты сұрақтарға.

Осылайша, Тілеповтің ақпаратына сәйкес, 2020 жылы үкіметтік емес ұйымдарға берілген мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс бюджетінің көлемі 25 млрд теңгені құраған. 2019 жылы бұл көрсеткіш 17,4 млрд теңге еді. «25 млрд теңгенің ішінде республикалық бюджеттен 0,9 млрд теңге, жергілікті бюджеттен 24,1 млрд теңге бөлінген», - деп жазады министрлік. Яғни, үкіметтік емес ұйымдарға ең көп тапсырыс беретін орган – әкімдер болып отыр,

ГРАНТ ЖӘНЕ АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМ

Ақпарат министрлігі атап өткендей, үкіметтік емес ұйымдарға мемлекеттен қаржылай қолдаудың тағы бір тәсілі – грант тарату. Оған министрлік мынандай анықтама беріп отыр:

«Үкіметтік емес ұйымдар үшін грант дегеніміз – азаматтық бастамаларды қолдау, әлеуметтік саланы дамытудың өзекті мәселелерін шешіп, азаматтық қоғам институттарының әлеуетін тарту мақсатында қаржыландыру саласындағы оператордың үкіметтік емес ұйымдарға беретін қаражаты».

Ресми статистика бойынша, былтыр үкіметтік емес 96 ұйымның қатысуымен жалпы сомасы 3,4 млрд теңгеге 129 грант жобасы іске асырылған. Биыл үкіметтік емес 83 ұйымның қатысуымен жалпы сомасасы шамамен 2 млрд теңгеге 118 жоба іске асып жатыр.

Ең бастысы, мемлекеттік тапсырыс пен грант та конкурс арқылы таратылады және мемлекеттік қаржыландыруға қатысу үшін үкіметтік емес ұйым міндетті түрде «үкіметтік емес ұйымдар дерекқорында» тіркелуі тиіс.

ДЕРЕКҚОР: ҮЕҰ САНЫ МЕН САПАСЫ ҚАНДАЙ?

Azattyq Ruhy тілшісі бұл дерекқорға тіркеліп, жалпы, елдегі үкіметтік емес ұйымдар ең көп жұмыс істейтін сала қандай (яғни, азаматтық қоғамның қай саласында проблема аз болуы тиіс - авт), бір салада кемі неше ұйым тіркелген деген сұрақтарға жауап іздеді. Бұл мәліметтерді кез келген азамат үйінде отырып біле алады.

Сонымен, дерекқор infonpo.gov.kz сайтында орналасқан. Осы дерекқорға тіркелмеген ұйым жобасы қандай тамаша болса да мемлекеттік қаржыландыруға қол жеткізе алмайтынын тағы айта кетейік.

Дереқор арқылы елімізде үкіметтік емес ұйым көп тіркелген бірнеше саланы анық байқауға болады. Мәселен, «жетім балаларға, толық емес отбасы мен көпбалалы отбасының балаларына көмектесу» бағыты бойынша елімізде 397 ұйым тіркелгенін көрдік.

Ал «қоршаған ортаны қорғау» саласында 537 ұйым тіркелген. Бірақ неге екені белгісіз, елімізде жан-жануарлар қорлық көрсе де, табиғатқа зиян тисе де, оны алдымен бұл ұйымдар емес, еріктілер немесе әлеуметтік желі бірінші хабарлайды.

«Борат» фильмінің фонында «мәдениет және өнерді дамыту» саласындағы ұйымдардың санын көріп, таң қалдық: дерекқорға тіркелген 810 «мәдени» ұйым бар болып шықты. «Білім мен ғылым» саласындағы ұйымдар саны – 1250, халықтың әлжуаз топтарын қолдаймыз деген азаматтық ұйымдар 2720-ға тең болып тұр. Ал «демографияны дамыту» үшін тіркелген ұйымдар саны небәрі төртеу-ақ.

«БІЗДЕГІ АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМНЫҢ ТІЛІ ҚАЗАҚ ТІЛІ ЕМЕС»

Azattyq Ruhy тілшісі Қазақстан азаматтық альянсының вице-президенті, саясаттанушы Дос Көшіммен азаматтық қоғамның дамуы, оны дамытушы күштің бүгінгі жағдайы және үкіметтік емес ұйымдар қайдан ақша сұрауы керек деген сұрақтар төңірегінде әңгімелесті. Дос Көшімнің дәл бүгінгі тақырыптарға қатысты телефон арқылы айтқан цитаталарын ұсынамыз:

«Елдегі үкіметтік емес ұйымдардың бәрі тек қана грантпен өмір сүреді дегенге келіспеймін. Себебі, мен грант алмай, өз күшімен жұмыс істеп отырған жүздеген ұйымды білемін.

Ал қазір азаматтық қоғамды еріктілер дамытып жатыр дегенге қатысты айтарым, еріктілердің бір оянатын, пайда болатын кезі болады, олар сол уақытта шыға бастайды. Еріктілер белгілі бір деңгейде керек, бірақ еріктілер барлық жерге араласа алмайды, олардың араласатын орны болады.

Азаматтық қоғамдағы қазіргі ең үлкен мәселеміз – қазақтілді үкіметтік емес ұйымдардың жағдайы сын көтермейді. Оның нақты субъективті себебі бар, 1993 жылдардан бастап елге халықаралық қорлар келе бастады, олар грант бере бастады, үшінші сектор деген түсінік пайда болды. Сол уақытта шаралардың бәрі орыс тілінде өтті. Қанша айқайластым, қолымнан келгені – 1998 жылы заңға өзгеріс енгізіп, жобаларды қазақ тілінде қабылдай бастады. Соған ғана шамам келді...

Сондықтан, қазір қазақ тілінде азаматтық қоғам туралы айтатын, үкіметтік емес ұйымдарды жұмыс істеуге үйрететін қазақтілді тренерлер жоқ. Қазір шартты түрде үшінші сектор деп жүрген азаматтық қоғамның 80%-ы – орыстілді, 10 немесе 15%-ы қазақтілді азаматтық қоғам. Яғни, ең үлкен мәселе қазақтілді үкіметтік емес ұйымдарды көбейту, олардың әлеуеті мен сауатын арттыру.

Екінші мәселе – қазақтілді үкіметтік емес ұйымдарға грант бөлінсе, мен тренинг өткізетін тренер таба алмаймын. Халқының 82% қазақтілді Атырауда қазақ тілінде үкіметтік емес ұйымдарды оқытатын тренер жоқ. Осылайша, бізге ауыр бір дерт кіріп кетті. Оны емдеуге болады. Ол үшін бізге арнайы үш жылдық жоба жасау керек. Бұл үлкен проблема десек, оны тек кешенді түрде шешу керек. Мен Аида Ғалымқызымен (Ақпарат және қоғамдық даму министрі – авт.) осы бағытта сөйлестім, рақмет, биыл «Қазақ тілі – қоғамды біріктіруші фактор» деген жобаға қаржы бөлді.

Неге бұл мәселе өзекті? Себебі, саясаткер ретінде айтсам, азаматтық қоғамның орыстілді болып кетуі өте қауіпті.  Ертең ұлттық құндылықтармен байланысты мәселелер көтерілсе, олар не үндемей қалады, не қарсы шығады. Сондықтан азаматтық қоғамды қазақтілді қылу мәселесі – мемлекеттік деңгейдегі мәселе».

АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМДЫ МЕМЛЕКЕТ ҚАРЖЫСЫН ШЫҒАРМАЙ ДАМЫТУ МҮМКІН БЕ?

«Үкіметтің қолдауынан басқа екі бағыт бар, - дейді Дос Көшім. 

«Шетелдік қорлар әлі грант береді. Қазір елге Англияның қорлары кіре бастады, Еуроодақтың үлкен жобалары бар. Соларға шыға беру керек. Екінші мәселе – өзіміздің демеушілер. Мынандай бір мысал бар, бір үкіметтік емес ұйымның адамы нашақорлыққа қарсы жобасына ақша сұраған.  Бір миллионер оған 1 миллион доллар қаржы берген. Бәрін өткізіп болған соң, үкіметтік емес ұйым демеушіге алғыс айтып жатса, демеуші «Сен жындысың ба? Саған рахмет. Мен ақша табамын, ал сен болсаң, менің баламды нашадан аман алып қалдың» деген. Мораль: демеушінің ақшасы ұйымға емес, қоғамға керек. Сондықтан мен жобаларымның басына осыны жазып қоямын.

Бірақ қазақтар сұрай білмейді, ыңғайсызданады. Ол «мінез» менде де бар. Сөйтсем, ол ақымақтық екен, себебі мен ол ақшаны өзіме емес, қоғам үшін алып отырмын».

ДОС КӨШІМ ҮКІМЕТКЕ НЕ ҰСЫНАДЫ?

«Мен Үкіметке мынаны ұсынар едім: Үкімет грант бергенде, жүзеге асырылатын іс-әрекеттер (семинар, кездесулер) міндетті түрде екі тілде өтсін деген талап қоюы керек.

Екінші мәселе, жобаларды таңдап, ақша беретін сарапшылардың ішінде қазақ тілін білмейтін адамдар отырады. Негізі, оны дұрыстау қиын жұмыс емес, түкке тұрмайтын дүние деуге болады, яғни, ол Үкіметтің қолындағы шаруа. Қысқасы, қазақтілді үкіметтік емес ұйымдардың өте үлкен проблемасы бар және оның салдары қауіпті болуы мүмкін», - дейді Дос Көшім.

Серіктес жаңалықтары