Жанболат Мамай: «Партия құруға талпынған барлық күштер біздің жақтастарымыз»

Автор: Azattyq Rýhy

Қозғалыс өкілдері ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың атына ашық хат жолдамақ

Жаңа демократиялық партия құру идеясын ұсынған топқа қысым жасалып жатыр. Бұл туралы бүгін жаңа саяси ұйым құруға ниет білдірген бастамашыл топтың өкілдері мәлімдеді. Қазақстан демократиялық партиясы (ҚДП) құру жөніндегі бастамашыл топ алдағы күндері еліміздің бірнеше аймағын аралап шықпақ. Олар ҚР Ішкі істер министрлігінен қауіпсіздікті қамтамасыз етуді сұрады.

Жанболат Мамай  биыл қазан айында партия құру идеясын жария еткен болатын. Тәуелсіз саяси күш ретінде демократиялық бағытты таңдауға құлықты екендерін мәлімдеді. Қозғалыс өкілдері содан бері еліміздің оңтүстік аймақтарын аралап, штабтар құруға талпынған. Жақтастарымен кездесулер өткізуге әрекеттер жасаған. Алайда Жаңаөзен, Қызылорда, Шымкент және Тараз қалаларында белсенділерге әртүрлі кедергілер жасалғаны белгілі болды.

«Біз, демократиялық партия құрушылар өзімізге қарсы арандатулардың көбейгені және Қазақстанның кейбір облыстарында азаматтық қоғам өкілдерімен кездесулер өткізуге ашық қарсылықтар жасалғанын мәлімдейміз.  Биыл 7 қарашада Жаңаөзен қаласында әлдебір әйел адамдар біздің өкілдерге жұмыртқа лақтырды. Ал 18 қарашада Қызылорда қаласында бірнеше агрессивті азамат кездесудің үстінен кіріп, қаладан кетуімізді талап етті. «Жиналысты тоқтатыңдар!» деп айғайлады. Біз мұны саяси реформаларға қарсы және демократиялық өзгерістерді қаламайтын адамдардың әрекеті деп білеміз»,- дейді партия құру жөніндегі бастамашыл топтың өкілі Жанболат Мамай.

ҚДП құру жөніндегі бастамашыл топ алдағы күндері республиканың өзге де ірі қалаларында азаматтық белсенділермен кездесуді жоспарлап отыр. Бүгін қозғалыс өкілдері ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың атына ашық хат жолдап, осы жүздесулер кезінде жеке қауіпсіздіктеріне алаңдайтындарын айтты.

Айта кету керек елімізде  «Respublika» қозғалысы, «Табиғат» жасылдар партиясын құру тобы, «Оян, қазақ», «ХАҚ» қозғалыстары саяси партия құру жоспарлары барын мәлімдеді. Жанболат Мамай өзге саяси партия құруға талпынып отырған қоғам белсенділерін өзіне бәсекелес деп қарамайтынын айтады. Егер олар демократиялық өзгерістерді қаласа, біз оларды «жақтастар» ретінде мойындап, бастамаларын қолдауға әзірміз деген пікірде. Ж. Мамай 2017 жылы қаржы жымқырды деген айыппен үш жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілген болатын. Ол қазір пробациялық бақылауда. Алматыдан басқа аймақтарға шығуға рұқсат етілмеген. Бас бостандығын шектеу мерзімі 2020 жылы наурыз айында аяқталады.

Қазақстанда қазір 7 саяси партия жұмыс істейді. Олардың ішінде үшеуінің өкілдері парламентте(«Нұр Отан», «Ақ жол», «ҚКП»). Одан тыс «Ауыл», «Бірлік», «ЖСДП» және «Азат» партиялары әділет органдарында тіркелген.  Ал жаңадан саяси партия құру үшін «Саяси партиялар туралы» заң аясында тіркеу процедураларын бастауға  кем дегенде 1 мың адамның қолы жинап әкелу міндеттеледі.   

Ришат Асқарбекұлы, Алматы