Қазақстанда алдағы бес жылда 21 трлн теңгені мобилизациялау жоспарланды

Автор: Azattyq Rýhy

Бағдарлама әлеуметтік прогреске бағытталған шаралар кешенін ұсынады

Экономикадағы қиындықтарға қарамастан, партия Үкіметпен бірлесіп 21 трлн теңге жұмылдыруға ниетті, деп мәлімдеді «Nur Otan» партиясының кезектен тыс XX съезінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

«Жаңғыртуға серпін беру керек. Осы мақсатта біз 2025 жылға дейінгі «Өзгерістер жолы — әркімге лайықты өмір» сайлауалды бағдарламасын қабылдаймыз. Бұл егжей-тегжейлі есептелген құжат. Экономикадағы қиындықтарға қарамастан, «Nur Otan» Үкіметпен бірге жақын арадағы бесжылдықта бағдарламаны іске асыруға 21 трлн теңге жұмылдыруды жоспарлап отыр. Бағдарлама әлеуметтік прогреске бағытталған шаралар кешенін ұсынады. Партия қоғамнан келіп түскен ұсыныстарды ескерді. Біздің бағдарламаны бүкіл ел дайындады деп айтуға болады», - деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы партия съезінде сөйлеген сөзінде өткен ғасырдағы терең рецессия әлемдік экономиканы ондаған жылға құлдыратқанын еске салды.

«Бұрынғы өсу қарқыны мен теңгерімді дамуды қалпына келтіру үшін үлкен күш пен уақыт қажет. Көптеген елдер қиын жағдайға тап болды. Қазақстанның беріктік қоры бар, ең алдымен, бізде нақты әзірленген даму жоспары бар, ол қаржы ресурстарымен нығайтылған», — деп атап өтті Қазақстан Президенті.

Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан