Путин не үшін Байденді сайлаудағы жеңісімен құттықтамағанын түсіндірді

Автор: Azattyq Rýhy

АҚШ-та инаугурация 2021 жылдың қаңтарында өтеді

Фото: bbc.com

Ресей президенті Владимир Путин неге әлі күнге дейін АҚШ президенті болып сайланған Джо Байденді құттықтамағанын түсіндірді.

Ресей басшысы АҚШ-тағы партияішілік қарсылықтың аяқталуын күтіп отырғанын айтты.

«Біз америкалықтардың сеніміне ие болған кез келген адаммен жұмыс істеуге дайынбыз. Бұл сенімге кімнің ие болғаны – тараптардың бірі екіншісінің жеңісін мойындаған кезде немесе сайлаудың түпкілікті нәтижелері заңды жолмен шығарылған кезде белгілі болады», - деді Путин «Россия 1» телеарнасының «Мәскеу. Кремль. Путин» бағдарламасының эфирінде.

Оның айтуынша, ресейлік тарап Трампқа да, Байденге де сыйластықпен қарайды.

«Құттықтамаудың ешқандай астары жоқ. Бізге біреу ұнайды немесе ұнамайды деген сөз емес. Біз партияішілік қарсылықтың аяқталуын күтіп отырмыз. Барлық формалды жайттар ескерілуі тиіс. Алдағы уақытта Ресей мен АҚШ байланысына нұқсан келтіретін ешбір себеп жоқ», — деді Путин.

Еске сала кетейік, 8 қараша да АҚШ президенті сайлауы өтті. Дауыс санау қорытындысы бойынша Джо Байден жеңіске жетті. Алайда Дональд Трамп сотқа шағымдануда.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ-та өткен президент сайлауында ең көп дауыс жинаған Джо Байденді құттықтады.