$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
29.10.2020, 10:52
Саясат

Бизнес-бастау: Түркістан облысының тұрғыны ерекше кәсіп бастады

Мемлекеттен алған жарты миллион теңгеге ол 70 түп жеміс ағашын отырғызған

Бизнес-бастау: Түркістан облысының тұрғыны ерекше кәсіп бастады
Фото ашық дереккөзден

Шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған «Бизнес-бастау» мемлекеттік бағдарламасы өңірлерді сәтті жүзеге асып жатыр. Түркістан облысының Келес ауданында жергілікті тұрғындар аталған бағдарлама аясында біліктілік арттырып, жарты миллион теңгенің гранттарын алып жатыр. Солардың бірі – Айбек Сарыбаев. Ол мемлекеттен алған 505 мың теңгеге 70 түп анар көшетін отырғызды.

Бұрын бұл елдімекен Жүзімдік деп аталатын. Жүзім плантациясы жаздыгүні қып-қызыл болып, алыстан көз тартатын. Одан бөлек те ондаған-жүздеген гектар жерде түрлі жеміс ағашы өсіп тұратын. Алайда, өкінішке қарай, соңғы жиырма жылдықта мұндағы ағаштың бәрі қурап, жүзімдіктен түк қалмады. Ал оның орнында Ұшқын ауылдық округі пайда болды. Айбек Сарыбаев осы округке қарасты Құралас ауылында тұрады.

Келес халқы негізінен, ауыл шаруашылығымен айналысады. Ауданда жылыжай ұстап, жыл он екі ай өнім алып отырған диқандар көп. Ал Айбек Сарыбаев бұрынғы жеміс өсіру мәдениетін қайта аяққа тұрғызуды мақсат етіпті. Жуырда ол «Бизнес бастау» мемлекеттік бағдарламасы аясында біліктілігін арттырып, 505 мың теңгенің грантына ие болған. Бұл ақшаға ол ауласындағы шағын жер теліміне 70 түп анар ағашының көшетін отырғызған.

«Бұл көшеттер екі жылда өнім береді екен, сондай-ақ, күтімі жақсы болса, әр түбінен 20-25 келі өнім алуға болады», - дейді бағбан. Осылайша, ол 2022 жылдан бастап өз ауласында піскен анарды алдымен аудан тұрғындарына, одан кейінгі жылдары облыс базарларына сатамын деп жоспарлап отыр.

Түрлі дәруменге бай болғандықтан, анар жемісін Шығыс халқы жоғары бағалайды. Мамандардың айтуынша, анар – адамның қан қысымын реттейді, белсенділігін арттырады. Сондай-ақ, түрлі аурудың алдын алатын да қасиеті бар.

«Түрлі дәруменге бай, мың түрлі ауруға ем болатын жеміс-жидекті көбірек тұтынуымыз керек. Егер бау-бақша көп болып, түрлі жеміс-жидек алқаптарда жайқалып тұрса, оның бағасы да қолжетімді болады», - дейді жас кәсіпкер.

Келес – егін шаруашылығына қолайлы өңір. Бір кездері ағын судың тапшылығынан құнарлы жерлер игерусіз қалған болатын. Рас, кейбір ауылдардың өзінде сарқырап ағып жатқан су жоқ. Алайда, бұл мәселе бүгінде бірте-бірте оң шешімін тауып келеді. Каналдар мен тоғандар жөндеуден өтіп, арықтар тазартылып, егістік басына су келетін болды. Тіпті, кейбір шаруалар тамшылатып суару технологиясы арқылы жүздеген гектарды игеріп отыр. Олардың арасында үйіргелік жерлерді де тиімді пайдаланып, тамшылатып суару әдісін меңгеріп, бейнетінің зейнетін көріп отырғандар жетерлік.

Серіктес жаңалықтары