Орал қаласында праймериздің екінші кезеңіне «Nur Otan» партиясынан үміткерлер іріктелді
Үміткерлердің 36,8% әйелдер
Праймериздің екінші кезеңіне депутаттарды іріктеу мақсатында «Nur Otan» партиясы Орал қалалық филиалының XXVIII конференциясы өтті. Қалалық партия филиалының төрағасы Абат Шыныбеков конференцияның күн тәртібімен таныстырып, праймериздің алғашқы кезеңінде тұрғындардан түскен ұсыныс-өтініштер негізінде жасалған Орал қалалық филиалының сайлауалды бағдарламасын бекітті. Сондай-ақ, конференция барысында праймериз дебаттары арқылы үміткерлерге дауыс беру туралы, Орал қалалық мәслихатының депутаттарын сайлау үшін жетекші партиядан партиялық тізімнің бекітілуі туралы және облыстық конференцияға делегаттар тізімін ұсыну туралы ақпараттар тыңдалды.
Кезектен тыс қалалық конференцияның жалғасы праймериздің екінші кезеңіне өткен қатысушылар арасындағы жария пікірталастармен жалғасты.
Еске сала кетсек, праймериздің алғашқы кезеңінде Батыс Қазақстан облысы бойынша 460 үміткер қатысуға өтінім берген болатын. Олардың 155-і - әйелдер (36,8%), 144-і - 35 жасқа дейінгі жастар (34,2%) болды. Дауыс берудің төрт күнінде партияның БҚО филиалы бойынша мүшелерінің 22 903-і, яғни 85%-ы дауыс беруге белсенді қатысқан болатын. Партия мүшелерінің көпшілігі онлайн жүйесінде дауыс берді. 18 390 адам - сайлау учаскелеріндегі ұялы телефондар мен компьютерлер арқылы дауыс берсе, ал 4513-і - қағаз бюллетеньдерімен дауыс берді.
Орал қаласы бойынша праймериздің екінші кезеңіне 44 үміткер өтті. Оның ішінде 7 үміткер партияның қалалық филиалы төрағасының квотасы бойынша сайланса, қалған 37 үміткер - жинаған ұпай рейтингілері бойынша сайланды. Қалалық мәслихатта сайлаушылардың көбеюіне байланысты мандаттар саны 22 болды.
Үміткерлердің өтініш-пікірлері мен олардың рейтингтік ұпайларын ескере отырып, партияның қалалық филиалы Саяси кеңесі бюросының отырысында 24 ашық пікірталасқа қатысушылар анықталды. Дауыс беру қорытындысы бойынша өткен жария дебатқа қатысушы 24 үміткердің 12-сі облыстық партиялық тізімге енгізілсе, қалған 12-сі қалалық партиялық тізімде қалды.
Облыстық мәслихаттағы партиялық тізімдер мен Мәжілістегі партиялық тізімге үміткерлерді анықтайтын «Nur Otan» партиясының аймақтық конференциясы 17 қараша күні өткізіледі.
Айта кетсек, өңірдегі партияішілік іріктеудің екінші кезеңіне өткен 44 үміткердің 17-сі әйелдер, 9-ы 35 жасқа дейінгі жастар және 2-еуі - мүмкіндігі шектеулі жандар.