Коммунистер енді Қазақстанның халық партиясы деп аталады
Қазақстан коммунистік халық партиясының атауы өзгеріп, ребрендинг жасалды. Енді ҚКХП «Қазақстанның халық партиясы» деп аталатын болады. Бұл туралы ҚКХП-ның хатшысы Жамбыл Ахметбеков партияның кезектен тыс XV съезінде айтты.
«Партия атауын өзгертіп, ребрендинг жасауды жөн көрдік. Партиямыздың атауы «Қазақстанның халық партиясы» болып өзгерді. Бұл - коммунистік идеологиядан кету деген сөз емес, партияның әлеуметтік мәселелерге көп мән беруіне байланысты. Елімізде көп мәселе әлеуметтік саламен байланысты», - деді ҚКХП-ның хатшысы Жамбыл Ахметбеков.
Еске сала кетейік, 5 қарашада «Бірлік» партиясының саяси кеңесінің отырысы өтіп, онда партияның ребрендингі мен атауын өзгерту туралы шешім қабылданды. «Бірлік» саяси партиясының атауы «Адал» болып өзгерді.