$ 521.67  592.46  6.32
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
11.11.2020, 12:57
Саясат

Алматы қаласы мәслихатына Nur Otan-ның партиялық тізімі жасалды

Партияның XX съезіне қатысу үшін делегаттар сайланды

Алматы қаласы мәслихатына Nur Otan-ның партиялық тізімі жасалды

Алматыда «Nur Otan» қалалық филиалының конференциясында мәслихатқа партиялық тізім жасалып, Парламент Мәжілісі депутаттығына үміткерлердің партиялық тізімі анықталды. Сондай-ақ, қалалық сайлауалды бағдарлама бекітіліп, партияның XX съезіне қатысу үшін делегаттар сайланды, деп хабарлайды «Nur Otan» орталық аппаратының баспасөз қызметі.

Сонымен, праймеризде ең жоғары рейтингке ілінген қатысушылар қатарынан және филиал квотасын ескере отырып, қала мәслихатына 1 орынға 2 адам қағидаты бойынша 78 кандидаттан тұратын партиялық тізім түзілді.

Тізімге белгілі қоғам қайраткерлері, азаматтық сектор, БАҚ өкілдері кірді. Олардың арасында көпбалалы ана - Гүлжан Бекенова, праймериздің ең жас қатысушысы – шахматшы Жансая Әбдімәлік, кардиохирург дәрігер Алмат Қодасбаев және басқалары бар. Толық партиялық тізіммен primaries.kz сайтында танысуға болады.

Талдау көрсеткендей, тізімдегі әйелдердің үлесі 2 есе - 16-дан 35%-ға дейін, ал 35 жасқа дейінгі жастар 6 есе - 2,7-ден 20%-ға дейін өсті. Үміткерлердің орташа жасы 8 жасқа – 52 жастан 44 жасқа дейін жасарды. Қызметтегі 29 депутаттың 16-сы ғана жаңа партиялық тізімге енді.

Тізімде шағын және орта бизнес өкілдерінің үлесі басым – 41%, білім беру саласы – 14,1%, үкіметтік емес ұйымдар – 11,5% және т.б.

Конференция барысында мәжіліске партиялық тізімге үміткерлер арасында пікірсайыс өтті. Бірінші раундта қатысушылар сайлауалды бағдарламасындағы негізгі тезистерімен таныстырды, екінші раундта «сұрақ-жауап» түрінде пікірталас өтті.

13 үміткердің ішінен партия мүшелері «Праймериз» ақпараттық жүйесі арқылы қалалық квотаға сәйкес 7 кандидатты таңдады.

Парламенттің төменгі палатасының депутаты Артур Платонов, Алмалы аудандық филиалының төрағасы Бекқали Торғаев, білім беру саласының өкілі Жұлдыз Досбергенова, қалалық қоғамдық кеңес өкілі Алтынай Көбеева, қоғам белсендісі және «Мен алматылықпын» қозғалысының жетекшісі Константин Авершин, жасотандық Мәди Ахметов және бизнес өкілі Шухрат Шардинов ең көп дауыс жинады.

Филиал төрағасының бірінші орынбасары Станислав Конкуров атап өткендей, партияның қалалық сайлауалды бағдарламасы Алматыны дамытудың 12 драйверін және праймериз аясында тұрғындардан түскен ұсыныстарды ескере отырып әзірленген.

Еске сала кетейік, бұған дейін «Nur Otan» партиясы өңірлік филиалдардың конференция кестесін жариялаған болатын, оның барысында барлық деңгейдегі мәслихаттарға партиялық тізімдер және әр өңірден Мәжіліске арналған партиялық тізімге кандидаттар анықталатын болады.

Сондай-ақ кеше Шымкент қаласында конференция өтті, ертең Нұр-Сұлтан қаласында конференция өтеді. Алматы, Қарағанды және Қызылорда облыстарында 16 қараша күні өтеді. Ақмола, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Түркістан, Атырау, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында 17 қарашада өткізіледі деп жоспарланып отыр.

Қалалық және аймақтық конференцияларда кандидаттар арасындағы пікірсайыс праймериздің екінші деңгейі аясында өткізіледі.

Партияішілік іріктеудің бірінші кезеңіне 10 мың кандидат қатысты. Оның 37%-ы – әйелдер, 29%-ы – 35 жасқа дейінгі жастар. Бастауыш партия ұйымдарынан кандидаттардың 30%-ы ұсынылса, 70%-ы – өзін-өзі ұсынушылар. Үміткерлердің орташа жасы – 43 жас. Бұл ретте дауыс беруге 662 мыңнан астам партиялық қатысты.

Серіктес жаңалықтары