Тоқаев отандық компанияларды сыртқы нарықтарға шығуға шақырды
Қасым-Жомарт Тоқаев «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының VII съезіне қатысты
Қасым-Жомарт Тоқаев «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының VII съезінде отандық компанияларды сыртқы нарықтарға шығуға шақырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Отандық өнім көлемін ұлғайту және қайта өңдеу өнеркәсібін қолдау мәселелері басты назарда бола бермек. Үкімет сатып алуды реттеу жөніндегі нормативтік-құқықтық базаны өзектендіруді бастады. Квазимемлекеттік секторды сатып алу жобасы бойынша жоба жүріп жатыр. Өңдеу өндірісіне шикізат жеткізу тетіктері әзірленуде. Отандық өнеркәсіп секторы үшін жаңа заңнамалық база дайындалуда. Агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі ұлттық жобаны әзірлеу басталды.
«Қазір біздің өткеннен сабақ алатын, ауыл шаруашылығының бүгінгі жағдайын және болашағын дәлме-дәл анықтайтын, өз әлеуетімізді дұрыс бағалайтын мүмкіндігіміз бар. Алдымен пәрменді шаралар мен қолдау институттарын айқындап, дұрыс реттеу ортасын қалыптастыру керек. Содан кейін ғана қапысыз және басымдықтарды жыл сайын өзгертпей батыл алға жылжуға болады. Агроөнеркәсіп кешені бойынша бағдарламалық құжаттың әзірленуін тікелей қадағалап отыратын боламын. Бұл ретте шенеуніктердің де, кәсіпкерлердің де, сарапшылардың да пікірін тыңдаймын. Өйткені ауыл шаруашылығының әлеуетін көтеретін кез жетті. Олай болмаған жағдайда біздің экономикамыз үшін өкінішке ұрындыратын теріс салдар орын алуы мүмкін», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев отандық компанияларды белсенді түрде сыртқы нарықтарға шығуға шақырды. Үкіметке Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп экспорттық әлеуеті бар салалар мен кәсіпорындарды анықтау тапсырылған. Мұндай жобаларға қаржыландыру жеңілдігі, экспорттық қолдау тетіктері, заттай грант беру секілді кешенді қолдау шаралары көрсетіледі. Қазақстан келер жылы шикізаттық емес экспорттың көлемін 29 миллиард долларға дейін арттыруды көздеп отыр.
Президент баяндамасында еліміздің экономикасын цифрландыру қарқынын сақтауға байланысты да ерекше көңіл бөлінді.
«Жақын арада жерге қол жеткізу секілді кәсіпкерлер үшін тағы да бір маңызды мәселе шешілуі керек. Менің тапсырмам бойынша Үкімет жер қатынастарын цифрландыру және отандық бизнестің ауыл шаруашылығына арналмаған жер ресурстарына қол жеткізуін жеңілдету жөнінде заң жобасын дайындады. Сондай-ақ заңда жер қатынастары мен сәулет саласында мемлекеттік қызметтерді электронды түрде көрсету, жер учаскелерін беру мерзімін 1 жылдан 20 күнге дейін қысқарту, мемлекеттік актіні, жерге орналастыру жобасын алып тастау және басқа да бірқатар маңызды мәселелер қарастырылған. Үкімет жыл соңына дейін аталған заң жобасын Парламентке беруі қажет», – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев отандық кәсіпкерлерді қолдау және қорғау ел дамуы үшін маңызды міндет екенін айтты. Сонымен қатар бұл Президенттің сайлауалды уәделері мен басымдықтарының бірі. Сондықтан ол ұлттық бизнесті дамытуға әрқашан баса назар аударады.
«Үкімет пен басқа да мемлекеттік органдар бизнесті қолдауға байланысты міндеттердің тиісінше орындалуын қамтамасыз ететін болады. Алайда бизнес сектор да жаңа талаптарға тез бейімделуі керек. Кәсіпкерлер өз бизнесін жаңғыртуға назар аударуға тиіс. Бұл, ең алдымен, бәсекеге қабілетті болу, әрқашан жаңа бастамалар мен жаңа жобаларды іске асыруға ұмтылу деген сөз. Сонымен бірге біз табысты әділ бөлудің маңыздылығын да ұмытпауымыз керек. Кәсіпкерлерге жұмыс орындарын ашып, табысын ұлғайтуы қажет. Ең алдымен, бұл мемлекеттен қаржылай көмек алатын кәсіпорындардың міндеті», – деді Президент.
Сөзінің соңында Қасым-Жомарт Тоқаев бірлесіп жұмыс істеу арқылы ғана ел экономикасын қалпына келтіріп, дамудың жаңа деңгейіне шыға алатынымызды атап өтті. Президент «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы алдағы уақытта да бүкіл қазақстандық бизнес-қоғамдастықтың мүдделерін білдіретін беделді құрылым болып қала беретініне сенім білдірді.