ШұғылКоронавирусқа шалдыққан 30 науқастың жағдайы аса ауыр – ДСМ

Шағын және орта бизнесті тексеру көлемі 8 есе қысқарды - Тоқаев

Президент «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының VII съезіне қатысты

Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының VII съезіне қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы бизнестің құқықтары мен заңды мүдделерін табысты қорғап, кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі мемлекеттік саясатты жүзеге асыруға белсенді қатысып келе жатқанын атап өтті. Президенттің сөзінше, бүгінгі күні кәсіпкерлік ел экономикасының қозғаушы күшіне айналды деуге толық негіз бар.  

«Соңғы бес жыл ішінде шағын және орта бизнестің ел экономикасындағы үлесі 24 пайыздан 32 пайызға артты. Кәсіпкерлік саласында еңбек ететін азаматтардың саны 21  пайызға, яғни 2,8  миллионнан 3,4  миллионға дейін өсті. Қазір жұмыспен қамтылғандардың 40 пайызға жуығы шағын және орта бизнесте еңбек етеді. Бұған мемлекет пен бизнесті байланыстырып отырған Ұлттық палатаның сіңірген еңбегі мол», – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен «Атамекен» ҰКП-ның үйлесімді жұмысы еліміздегі бизнес ахуалға оң әсер етіп отырғанын да атап өтті. Биыл қайта реттеуді жалғастыруды, бизнес үшін рәсімдерді жеңілдетуді, мемлекеттік қызмет көрсету мерзімдерін қысқартуды қарастыратын заң шығару бастамаларының сегізінші топтамасы қабылданды.

«Менің тапсырмам бойынша кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау үшін «бизнеске адалдық презумпциясы» қағидаты заң жүзінде бекітілді. Бұл барша даулы және түсініксіз мәселелерді кәсіпкерлердің пайдасына шешуге мүмкіндік береді. Аталған заң шығарудағы өзгерістер тиісті сот тәжірибесінде қолдау табатынына сенемін. Осы жылдың 1 қаңтарынан бастап менің Жарлығыма сәйкес шағын және орта бизнесті үш жылға дейін тексеруден босату туралы мораторий күшіне енді. Нәтижесінде мұндай субъектілерді тексеру көлемі 8 есе қысқарды», – деді Президент.

Мемлекет басшысы Үкімет пен Қазақстандағы бизнестің үйлесімді жұмысының нәтижесінде пандемия кезінде денсаулық сақтау саласындағы және экономикадағы жағдайды бақылай алғанымызды айтты. Шағын және орта бизнеске қолдау көрсету мақсатында дағдарысқа қарсы теңдессіз бірқатар шара қабылданып, кәсіпкерліктің 700-ден астам субъектісі салық төлеуден босатылды немесе олар үшін салық мөлшерлемелері төмендетілді. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы белсенді жұмыс істей бастады. Мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдардың ғимараттарында орналасқан шағын және орта бизнес субъектілері жыл соңына дейін жалға алу төлемдерінен босатылды. Сондай-ақ қатты зардап шеккен секторлар үшін бюджеттен тыс барлық қорларға аударымдар жіберу тоқтатылды. Аса қатты зардап шеккен шағын және орта бизнес субъектілерінің несиелері жылына  6 пайызға дейінгі мөлшерлемемен субсидияланады.