Тоқаевтың қабылдауында ең жиі болатын Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов екен
Наурыз айынан бастап мемлекет басшысы Тоқаевтың төрағалығымен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының және облыс әкімдерінің қатысуымен үш рет кеңес өтіпті. Ең алғашқы кеңес 27 наурыз күні өтіп, сол кездегі Алматы қаласының әкімі Б.Байбек пен Павлодар облысының әкімі Б.Бақауовтың баяндама жасаған.
Екінші отырысы 12 маусымда өтіп, әкімдерге азаматтардың құқықтары мен бостандығын, олардың тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тапсырған.
Әкімдердің қатысуымен өткен үшінші кеңес 15 шілдеде өткен. Кеңес отырысында Қ.Тоқаев өңірлердің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерін шұғыл шешу үшін әкімдердің алдына бірқатар міндеттер жүктеді.
Оқи отырыңыз: Тоқаев – онлайн, Ноғаев – оффлайн
Жалпы, Қ.Тоқаев 8 айдың ішінде барлық облыстарды да аралап, әкімнің есебін тыңдап, жергілікті жұртшылықпен кездесті. Әкімдерді Ақордада ресми қабылдап, есебін тыңдап жүр.
Кеше Тоқаевтың жеке қабылдауында болған 16 министр жайлы тоқталған едік, ендеше бүгін Тоқаев жиі қабылдайтын әкімдерге шолу жасасақ.
Тоқаевтың қабылдауында ең жиі болатын Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов екен. Елорданың қазіргі әкімі 23 сәуірден бастап төрт рет Президенттің жеке қабылдауында болыпты. Ең алғаш рет БҚО басшысы ретінде, қалған үшеуінде Нұр-Сұлтан әкімі ретінде есеп берген.
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев пен Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов Тоқаевтың қабылдауында 2 рет болыпты. Шымкент мегаполисінің әкімі Ерлан Айтаханов тағайындалғанына төрт күн өтпей жатып Тоқаевтың қабылдауында болып, жоспарымен бөлісіпті. Сондай-ақ 31 қазан күні қаланың үшжылдық жоспарымен таныстырып, президент қабылдауында екінші рет болған.
Бақытжан Сағынтаев (Алматы қ.), Болат Бақауов (Павлодар), Серікбай Трұмов (Маңғыстау), Архимед Мұхамбетов (Қостанай), Нұрлан Ноғаев (Атырау), Ғали Есқалиев (БҚО), Ермек Маржықпаев (Ақмола), Жеңіс Қасымбек (Қарағанды) әкімдері әзірге Тоқаев қабылдауында бір-ақ рет болған.
Ал, ШҚО әкімі Даниал Ахметов, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, СҚО әкімі Құмар Ақсақалов, Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин, Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Ысқақовты Президенттің жеке қабылдағаны туралы бірде-бір ресми ақпарат жоқ.
Деректер Ақорда сайтынан алынды, 2019 жылдың 20 наурызы мен 15 қарашасы аралығын қамтиды.
Жандос Мейірбекұлы, Нұр-Сұлтан