ШұғылКоронавирусқа шалдыққан 30 науқастың жағдайы аса ауыр – ДСМ

Түркі елдеріне ортақ әскери одақ құрыла ма – сарапшылар пікірі

2009 жылы 3 қазанда Нахчыван қаласында Түркі кеңесі құрылған

Армения мен Әзірбайжан арасындағы Таулы Қарабаққа байланысты әскери қимылдар басталғанда, түркі әлемі өзара әскери альянс құрады деген болжам айтыла бастады. Бұл мәселе әсіресе ресейлік БАҚ беттерінде жиі көтеріліп, билік пропогандасымен айналысатын журналистер белгілі сарапшылармен бірігіп, осы тақырыпты талқылай бастады. Саясаткер Владимир Жириновский түркі елдері арасында әскери одақ құрылу ықтималдығына қатысты бірнеше рет пікір білдіріп үлгерді.   

ТАУЛЫ ҚАРАБАҚ ШИЕЛЕНІСІ ЕРДОҒАННЫҢ ОҢ ЖАМБАСЫНА КЕЛІП ТҰР

«Комсомольская правда»  радиосының эфирінде Жириновский Қарабақтағы тектетірес Түркияның «оң жамбасына» келіп тұр деген сарында мәлімдеме жасады. «Осы жағдайды оңтайлы пайдаланса, түркі әлемінің ымырыласуына даңғыл жол ашылады. Тіпті түркітілдес елдердің әскери одағын құруға ешкім де кедергі жасай алмайды. Түптің түбінде біз Орталық Азиядан қол үзетін боламыз», - деді Ресей билігі тікелей санасатын беделді саясаткер.    

«Орыс патшасы баяғыда-ақ түріктерге өз талабын қоятын еді. Ресей әскері Түркияның ықпалын соңына дейін әлсіретуге қауқарлы болатын. Бірнеше рет Стамбұлға жорыққа барды. Бірақ мұны жүзеге асыруға билікке келген большевиктер кедергі болды. Қазіргі уақытта олар біздің оңтүстіктегі жағдаймыздың, Кавказдағы позициямыздың әлсіреуіне түрткі болып отыр. Бұл жақтағы елдердің аумағында енді Түркияның туы желбіреп тұратын болады. Себебі Түркияға әзірбайжан, түркімен, өзбек, қазақ және қырғыз жастары әскери білім алуға жаппай барып жатыр.

Осы елдердің барлығында түркі мектептері мен ЖОО-лар мамандар мен мұғалімдер даярлап жатыр. Демек, түріктер осы күнге дейін мәдениет, білім жағынан позициясын нығайтты. Ал енді қорғаныс, әскери тұрғыдан кіруге дайын. Демек, түркі елдері мен халықтарының әскери одағын құруды жоспарлап отыр. Егер ол құрылса, әскер саны 10 млн адамнан асады», - деп мәлімдеді Ресей Федерациясы думасының өкілі.

ШОЙГУ ӘСКЕРИ ШАРТТЫ ЖАҢАРТУ ҮШІН КЕЛІП КЕТТІ    

Осыдан он күн бұрын Нұр-Сұлтанға РФ Қорғаныс министрі Сергей Шойгу жұмыс сапарымен келген болатын. Тараптар әскери ынтымақтастық туралы жаңа шартты бекітті. Яғни, Қазақстан мен Ресей қорғаныс министрлері екі ел арасындағы әскери ынтымақтастық туралы жаңартылған шартқа қол қойды.

Министрлер әскери білім беру мен кадрларды даярлау, қару-жарақ пен техниканы жеткізу және бірлескен екіжақты және көпжақты оқу-жаттығуларға, әскерлердің жауынгерлік даярлық іс-шараларына қатысуды қамтитын құжатты пысықтаған, делінген ҚР ҚМ хабарламасында.

Сергей Шойгу Ресей қорғаныс министрлігі мен Қазақстан қорғаныс министрлігі арасындағы қарым-қатынастар пандемияға қарамастан дамығанын, Ресей оқу орындарына биыл да жүздеген қазақ жастарының қабылданғанын, Қазақстан Ресейдің негізгі стратегиялық одақтасы әрі серіктесі екенін айтқан.

ҚАРАБАҚ ОҚИҒАСЫ ТҮРКІТІЛДЕС ЕЛДЕРДІҢ ӘСКЕРИ ОДАҒЫН ҚҰРУҒА ЫҚПАЛ ЕТЕ МЕ?

Аймақтағы басылымдар былтыр Бакуде Өзбекстан мен Әзірбайжан арасында 2020 жылға арналған әскери ынтымақтастыққа қол қойылғанын жазады. Өзбекстан Республикасының қорғаныс министрі, генерал–майор Баходир Құрбанов Бакуге сапары аясында екіжақты келісімшарттарды бекіткен.

Айта кету керек, Қазақстан жағы да Түркиямен жасалған 1993 жылғы әскери ынтымақтастық туралы шартты былтыр жаңадан қарап, Қазақстан Парламенті Кіші Азия түбегіндегі туысқан мемлекетпен ұзақмерзімді әскери ынтымақтастықты  ратификациялады. Бұл маңызды құжаттың аясында қазақстандық әскерилерді оқыту, жас кадрларды даярлау, бейбіт әскери оқу-жаттығулар өткізу және қорғаныс саласына қажетті ғылыми-техникалық зерттеулер жүргізу қарастырылады. Тараптар осы уағдаластықты жүзеге асыру үшін жыл сайын министрлер деңгейінде кездесіп, жоспарлар құруға міндетті.

Оқи отырыңыз: Түркияның қорғаныс министрі Қазақстанға келді

Media.Az басылымына сұхбат берген қазақстандық саясаттанушы Мұхтар Тайжан түркітілдес мемлекеттер арасындағы әскери ынтымақтастыққа байланысты өз ойын айтқан. Ол түркі елдерінің арасындағы әскери байланыстарды күшейту әлбетте керек, бүгінгідей алмағайып заманда қорғанысты нығайтуды геосаяси жағынан жақын елдермен бірігіп қолға алудан қашпауға тиіспіз дейді.

«Қарап тұрсаңыздар, Түркия Солтүстік Атлантика Шартты Ұйымында (НАТО - авт.) әскери әлеуеті жағынан екінші орын алады. Одан тыс аймақта Әзірбайжанның да қорғаныс саласындағы мүмкіндігі өте жоғары. Армениядан асып түсетін қауқары бар. Соңғы жылдары Өзбекстан мен Қазақстан да әскери ресурстарға ерекше мән беріп, дамытып жатыр. Біз бір-бірімізді қолдай аламыз және ол аймақ елдері үшін маңызды»,- дейді М. Тайжан.

«Запастағы әскери қызметшілер одағы» республикалық қоғамдық бірлестіктің президенті, ҚР Қорғаныс министрінің бұрынғы орынбасары, генерал-майор Айтқали Есенқұлов түркі елдерінің әскери одағын құру идеясына қатысты өз пікірін білдірді. Azattyq Rýhy ақпарат агенттігіне берген сұқбатында Таулы Қарабақ мәселесі түркілердің бір-біріне деген жанашырлығын арттыра түскенін айтты. Бірақ кез келген мәселе бауырмалдық факторынан гөрі, әділеттілік қағидасы алдыңғы орында болуы керек дейді әскери маман.

«Әрине, түркітілдес елдерді біріншіден, сенім-наным біріктіреді. Шығу тегіне қарсақ, олар бір ұлттан тарайды. Бірақ орналасқан жерлері әр аймақта. Сондықтан бір-біріне жанашырлықпен қарайды. Ал Түркия Ердоған билікке келген соң түркітілдес елдерге ерекше қарай бастады. Әрине,  ол  осы елдер бір одаққа біріксе деген амбициясын жасырмайды. Әзірбайжан мен Армения арасындағы текетіресте түркітілдес елдердің кімді жақтайтыны айтпаса да түсінікті. Бірақ туысқандық факторынан гөрі,  әділеттілік деген қағида бар. Себебі Таулы Қарабақ – Әзірбайжанның жері. Олар онсыз да отыз жыл күтті. Шыдамның да шегі бар, амалсыздан осындай әскери қақтығысқа кіруге мәжбүр болды. Бұл аймақтағы түркі елдерінің бірлігін, олардың іштей болса да қолдауынан соң жасалып жатқан қадам деп ойлаймын»,- дейді А. Есенқұлов.

Халықаралық ұйымдар, соның ішінде БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі Таулы Қарабақтың тәуелсізігін мойындаған жоқ. Тіпті, Армения да оны дербес деп мойындамады. Ендеше ол жердің өз иесі бар. Ол – Әзірбайжан. Генералдың пікірінше, Армения халықаралық құқық бойынша агрессор деп танылуы керек. Ресей бұл шиеленісті сырттай бақылап отыр, тікелей араласпайды, себебі олар да бұл жердің Арменияға тиесілі емес екенін біледі дейді ол. Бірақ Түркия соғысқа тікелей араласпаса да, Әзірбайжанға деген қолдауын ашық білдіріп отыр.

«Түркияның әскери ұшақтары әзірбайжандықтардың әр қаласында бар. Егер сырттан, үшінші елдерден килігу болса, соққы беруге дайын. Сол сияқты, түркі мемлекеттері де оқиға шиеленісіп кетсе, ортақ әскери одаққа бірігуде дайын деп ойлаймын. Әрине, әскери альянс құруға дәл қазір аса қатты қажеттілік жоқ. Бірақ түптің түбінде түркі мемлекеттері қорғаныс саласында бір ұйым құру кезеңіне келеді. Ол пісіп жетілген кезде, ешкім де қарсы болмайды деп ойлаймын. Бұған Ресей қалай қарайды деген сұрақ күн тәртібінен түсуі тиіс. Олар қазір Жириновский сияқты бұлбұлдарын мемлекеттік арналардан сөйлету арқылы қандай да бір қысым жасауға тырысады. Бірақ тәуелсіз мемлекет ретінде біз өз мәселемізді өзіміз шеше алатын жағдайдамыз», - дейді Айтқали Есенқұлов.

ТҮРКІ ЕЛДЕРІНЕ ОРТАҚ ӘСКЕРИ БЛОК ҚҰРУ МҮМКІН ЕМЕС – МАРАТ ШИБҰТОВ

Түркия Солтүстік Атлантика Шартты Ұйымында (НАТО), ал Қазақстан мен Қырғызстан Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына (ОДКБ – авт.) мүше. Әртүрлі әскери блокта отырған елдер тағы бір әскери ұйым құрады дегенге сену қиын. Сөз жоқ, Түрік кеңесін нығайта түсу үшін бір ортақ әскери интеграция керек. Бірақ оны түркітілдес елдердің әскери альянсы деп атау эволюциялық тұрғыдан қарағанда ерте дейді белгілі саясаттанушы Марат Шибұтов. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Түркия аймақтағы позициясын күшейту үшін әскери емес, саяси және экономикалық тұрғыдан ойлайды дейді.

«Бұл – жүзеге аспайтын бастама. Олардың тілі ұқсас болғанымен, қорғаныс саласының дамуы әртүрлі. Мысалы, Түркия мен Қырғызстанның әскерін салыстырып көріңіз. Сол сияқты Қазақстан мен Түркияның да әскери әлеуеті әртүрлі. Одақ дегенше, әскери ынтымақтастық аясындағы көмек тұрғысынан қарау керек. Ал Ресей тарапы, оның саясаткерлері мұндай альянс өмірге келмейтінін біледі. Сондықтан мемлекеттік пропоганда ретінде өз ыңғайларына қарай ақпаратты халыққа сіңіре береді. Саясаткерлері хайп жасай береді. Шын мәнінде, түркітілдес елдердің әскери одағы деген мәселе тек сөз жүзіндегі нәрсе, ол әлі пісіп жетілмеген», - дейді Марат Шибұтов.

Саясаттанушының пікірінше, Сергей Шойгудің және Түркия қорғаныс министрінің Нұр-Сұлтанға ат басын тіреуі – жоспарлы іссапар.

«Ресеймен екі арадағы келісімшарттар аяқталған болатын. Шойгу соны қайта жаңғырту үшін келді. Түрік министрі де сондай кезекті жұмыс сапарымен Қазақстан астанасына ат басын тіреді. Онда аймаққа байланысты, сіз айтып отырған әскери одаққа байланысты бір мәселелер талқыланды деп ойламаймын», - дейді саясаттанушы.

Ақпарат үшін:

2009 жылы 3 қазанда Нахчыван қаласында Түркі кеңесі құрылды. Мүшелері: Қазақстан, Әзербайжан, Түркия, Қырғызстан мен Өзбекстан. Бақылаушы мемлекет – Венгрия. Мүшелікке өтуі мүмкін мемлекеттің бірі – Түркіменстан. Түркияда – 83  млн, Қазақстанда – 18 млн, Әзірбайжанда – 10 млн, Қырғызстанда – 6 млн, Өзбекстанда – 34 млн, барлығы 152 млн адамды біріктіретін түркі әлемі бар. Түркі кеңесінің бас хатшысы болып қазақстандық дипломат Бағдат Әміреев сайланған болатын.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы