ШұғылКоронавирусқа шалдыққан 30 науқастың жағдайы аса ауыр – ДСМ

«Ұйқыдағы партиялар, басы бірікпеген оппозиция, онлайн-дауыс беру»: саясаттанушылар Мәжіліс сайлауы жайлы

Сарапшылар 2021 жылдың қаңтарында өтетін сайлауға байланысты болжамдарын айтты

Мемлекет басшысы бүгін халыққа кезекті үндеуін жолдады. Қасым-Жомарт Тоқаев  Мәжіліс депутаттарының сайлауы өтетін күнді белгіледі. Президент жарлығына сәйкес негізгі сайлау 10 қаңтар, ал Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан додаға түсетін депутаттар сайлауы 11 қаңтарға қойылды. Орталық сайлау комиссиясы бүгіннен бастап ұйымдастыру жұмыстарына кірісті.

Қазақстанның алтыншы сайланған Парламенті 2016 жылы 20 наурызда өткен сайлаудан соң жасақталған. Сайлауға қатысқан алты партияның үшеуі сайлаушылардың 7 пайыздан астамының дауысына ие болып, Парламент Мәжілісінің құрамына кірді. Олар: «Нұр Отан» партиясы (82,20%), Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы (7,18%) және Қазақстан Коммунистік Халық партиясы (7,14%). Ал тағы 9 депутат Қазақстан халқы ассамблеясынан сайланды.

Алтыншы шақырылымдағы Парламент Мәжілісіне алғашында Бақытқожа Ізмұхаметов төрағалық еткен еді. Ол өз өкілеттігін 2016 жылы маусымда тоқтатып, оның орнын Нұрлан Нығматуллин басқан. Ол төменгі палатаға төрт жыл бойы жетекшілік етті.    

Ата заңның талаптарын сәйкес, 7-ші шақырылымдағы Парламент сайлауы 2021 жылдың 21 қаңтарынан кешікпей өтуі тиіс болған. Сайлау Мәжіліс өкілеттілігінің аяқталуына 5 ай қалғанда жарияланады. Сосын 2 айдан кешіктірілмей сайлау өтуі тиіс.

«Алдағы сайлау еліміздің саяси жүйесін жаңартуды қамтамасыз ететін саяси институттарды дәйекті түрде демократияландыруға және жаңғыртуға Қазақстанның аса ықыласты екенін тағы да бір дәлелдейтін болады. Орталық сайлау комиссиясы мен Бас прокуратура сайлаудың заңдылығын, ашықтығын және әділдігін сақтау үшін тұрақты бақылау жүргізіп отырады. Жаңа сайлау науқанына дейін саяси жаңғыру, көппартиялықты дамыту және еліміздің қоғамдық-саяси  өміріне азаматтардың қатысу аясын кеңейту жөнінде шаралар қабылданды», - деді Мемлекет басшысы бүгінгі үндеуінде.

ПАРЛАМЕНТ САЙЛАУЫ ОНЛАЙН ӨТУІ МҮМКІН БЕ?

Белгілі саясаттанушы Досым Сәтбаев Azattyq Rýhy агенттігіне берген сұхбатында көрші Қырғызстандағы ахуал мен Беларусь елінде болған саяси оқиғалар Қазақстан билігінің тарапынан бақылауды мейілінше күшейтуге әкеледі деді. Оның пікірінше, бірінішіден, сайлауда дауыс беру онлайн форматта өтуі мүмкін, екіншіден тәуелсіз бақылаушылар бұл жолы аз және олардың арасында «exit poll» нәтижесіне қарсылық танытатындар да болады.

«Біздің елде азаматтық қоғам дамып келеді. Өткен президенттік сайлауда бақылаушылардың қалай белсенді жұмыс істегенін көрдік. Билік те көрші елдердегі жағдайдан кейін сайлауға атүсті қарауға болмайтынын жақсы біледі. Менің ойымша, бұл сайлауда дауыс беру онлайн өтеді», - дейді Д. Сәтбаев.

Оның айтуынша, коронавирустың екінші толқыны да «іздегенге сұраған» болуы мүмкін. Қазірдің өзінде мамандар ауру күн суығанда қайта өршуі ықтимал дегенді айтып отыр.

Отандық сарапшылар биыл Парламент сайлауының конституциялық мерзімге сәйкес өтуін ерекше астын сызып айтып жатыр. Қасым-Жомарт Тоқаев та барлық саяси партиялардың бұл сайлау науқанына қатысуға дайындалуына, сайлау алдындағы платформасын әзірлеуіне, партиялық инфрақұрылымдарды жетілдіруіне уақыты жеткілікті болды деді.

«Бұл жолғы саяси науқанға жаңа ойыншылар қатыспайды. Саяси париялардың құрамында жаңа партия жоқ, оппозициялық деген сөзді айтудың өзі ұят. Айта кету керек, өткен жылы елде 7 партия әділет органдарына тіркелуге өтініш берген еді. Бірақ тіркеуден өтпеді», - дейді сарапшы.

ПАРТИЯЛАРДЫҢ САЯСИ «ЖІГЕРІ» ЭЛЕКТОРАТТЫҚ КЕЗЕҢДЕ ҒАНА ОЯНАДЫ

Саясаттанушы елде партиялық тізімнен тыс бір мандатты депутаттардың Парламентке өтуіне мүміндік беру керек деп есептейді. Яғни, өзін-өзі ұсыну арқылы заң шығарушы органға кіру - бұл жүйені дамытып, Мәжіліске жан бітірер еді дейді ол.

Ал саясаттану ғылымдарының докторы, Қазақстан саяси зерттеулер қауымдастығының  президенті Есенжол Алияров елде элекораттық көңіл күйдің төмендігіне саяси күштердің белсенділігі жетпей жатыр деп есептейді. Олар сайлау жақындағанда ғана пайда бола бастайды.

«Тереңірек ойлансақ, бізде партиялар бір электораттық кезеңде ғана оянып, белсене түседі. Бірақ олай болмауы керек. Саяси ұйымдар жыл он екі ай белсенді болса, оған ешкім қой деп отырған жоқ. Елдің мұң-мұқтажын айтып, халық арасында болса, жараспай ма? Тек сайлау кезінде оянып, халықтан дауыс сұрайды. Содан соң барып, жұрттың тарапынан сайлауға деген сенімсіздік пайда болады. Ол билікке келмесе, де саяси күш болған соң, азаматтық қоғамның өкілі ретінде өзін көрсетсе жөн еді. Бірақ бізде жағдай басқаша», - дейді Е. Алияров.

ДЕМОКРАТИЯНЫ ЕШКІМ ТАБАҚҚА САЛЫП ӘКЕЛМЕЙДІ

Тағы бір сарапшы Бауыржан Серікбаев біздің депутаттар халықтың даусы үшін күресіп үйренуі тиіс деген пікірде. Оның пайымдауынша, өркениетті елдерде депутаттар әр сайлаушының даусы үшін барын салады. Заң шығару процесінде дебатқа түсіп, жаға жыртысуға дейін барады. Біздің Парламент депутаттары қалың ұйқыда жатқанын үнемі көз көріп келді. Бұл билікке деген ел сеніміне селкеу түсірді. Алдағы сайлауда халықтың сөзін айтар мықты тұлғалар Парламентке өтуі тиіс. Қоғам бүгінгі депутаттарды белсенді де білікті тұлғалардың алмастырғанын қалайды. Парламент қабырғасында биліктің кемшілігін басып айтар, халықтың дауысын естіртер кесек тұлғалардың келуіне ел мүдделі дейді әлеуметтік желі белсендісі.

«Ең әуелі Парламент күшеюі керек. Күшеюі үшін Мәжіліс құрамы жаңаруы тиіс. Пандемия кезінде біз бүгінгі депутаттардың Үкімет жіберген қателіктерді біле тұра тиісті жауапқа тарта алмағанын анық көрдік. Қазіргі шақырылымдағы Парламент қауқарсыз әрі өз конституциялық мүмкіндіктерін толық пайдалана алмағанымен халықты жалықтырып, елді шаршатып жібергені шындық. Алдағы сайлауда халықтың сөзін сөйлейтін, Үкіметті сұрақтың астына алып, жіті бақылайтын депутаттар келеді деп сенгім келеді. Солай болуы тиіс! Бұл - уақыт талабы. Бұрынғыдай айына бір рет телеарнаға шығып қойып, жылы кабинетте отыратын заман өтіп кетті. Бүгінгі күннің талабы мен сұранысы басқа», - деді ол.

Оның пікірінше, Парламент сайлауында ел азаматтары саяси додаға белсене араласып, өз таңдауын жасауы тиіс. Себебі, өркениетті елдерде әр сайлаушы өз құқығын толық қолданып, саяси сауатты қадамдар жасауды біледі.

«Демократияны қаласақ бізге де сайлауда дауыс беріп, бақылаушы болып, процеске белсенді араласуды меңгеру қажет. Демократияны ешкім табаққа салып әкеліп бермейді. Ол үшін Қазақстан халқының белсенділігі мен сауатты саяси ұстанымы қажет. Сатылап, ақылды да саналы жолмен демократиялық принциптерді орнықтырып, елдің дамуын жоғары деңгей мен келесі сатыларға көтере беру біздің ұстанымыз болуы шарт», - деп ойын түйіндейді Бауыржан Серікбаев.

Танымал саясаттанушы Расул Жұмалы да «Nur Otan-нан» өзге саяси партиялардың үнемі жым-жырт жататыны түсініксіз дейді. Ол 30 жыл бойы басы бірікпеген оппозицияның орнына өзге қозғалыстардың келуіне не кедергі деген сауал тастады.

«Аталған сұрақтарға жауапты тек билік емес, қоғамның өзі де іздеуі қажет. Ал құр ұраншылдықпен, анау да жаман, мынау да жаман деп аһ ұрғаннан ісіміз оңға баспасы анық. Бұдан бөлек, елімізде айқайшыл, төзімсіз, менменшілдердің орнына өркениетті елдерге тән саяси мәдениет қалыптасып келе жатқаны қуантады. Ендеше, кештеу болса да елімізде демократияға бір табан жақын игі дәстүрлердің орныға бастағаны жағымды құбылыс. Айналып келгенде, сүрінсе де соған мойымай, «осымен болды, бітті, енді түк шықпайды» деп еңсесін түсірмей, қайта алға ұмтылған ұлт қана өнеді. Тек ешнәрсе істемеген адам ғана қателеспейді», - дейді Р. Жұмалы.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы