Камалжан Надыров өз өтініші бойынша қызметінен кетті

Автор: Azattyq Rýhy

Ол осы жылдың маусым айынан бастап Алматы қаласы қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы болды

Фото: primeminister.kz

Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Камалжан Надыров қызметінен кетті. Бұл туралы қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.

Әкімдіктің хабарлауынша, К. Надыров қызметінен жеке өтініші бойынша босатылған. Ол осы жылдың маусым айынан бастап басқарма басшысы лауазымын атқарды. Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Жанар Мадеева (басқарма басшысының орынбасары - ред.) атқарады. 

Еске сала кетейік, 21 сәуірде К.Надыров Денсаулық сақтау вице-министрі қызметінен босатылды. 22 сәуірде оның коронавирус жұқтырып алғаны хабарланды. Ал 2 маусымда Алматы қаласының әкімінің өкімімен Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы лауазымына тағайындалды.

Камалжан Надыров 2007-2014 жылдары Б. О. Жарбосынов атындағы Урология ғылыми орталығында клиника ординаторы, бөлім меңгерушісі, бас директордың орынбасары қызметтерін атқарды.

Денсаулық сақтау министрлігінің құрылымында 2014 жылдан бастап жұмыс істейді. Медициналық қызметтерді стандарттау департаменті директорының орынбасары қызметін атқарды.

2016-2017 жылдар аралығында Республикалық диагностикалық орталықты басқарды — «University Medical Center» филиалының директоры болды.

2017-2018 жылдары — Астана қаласының Денсаулық сақтау басқармасының басшысы.

2018 жылғы наурыздан 2019 жылғы наурызға дейін Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы қызметін атқарды.

2019 жылғы наурыздан бастап 2020 жылдың сәуіріне дейін ҚР денсаулық сақтау вице-министрі лауазымын атқарды.

2020 жылдың маусымынан бастап Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы қызметін атқарды.