Таулы Қарабақ президенті Әзірбайжанға көмектескен елдерді айыптады

Автор: Azattyq Rýhy

Сонымен қатар, Араик Арутюнян халықаралық ұйымдар мен өзге елдерден көмек сұрады

Таулы Қарабақ Армениядан көмек сұрамақ. Егер жақын арада Әзірбайжан қақтығысты бейбіт жолмен шешу үшін қадамдар жасамаса, Қарабақ елі Ереванға танылмаған республиканың тәуелсіздігін тану туралы өтінішпен жүгінеді. Бұл туралы Таулы Қарабақ президенті Араик Арутюнян мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі РБК-ға сілтеме жасап.

«Егер алдағы бір-екі күнде біз Әзербайжанның мәселені бейбіт жолмен шешуге дайындығын көрмейтін болсақ, онда мен бірінші кезекте Армения билігіне Арцахтың тәуелсіздігін (Таулы Қарабақтың тарихи атауы) тану туралы ұсыныспен жүгінемін. Сондай-ақ, халықаралық ұйымдар мен өзге елдерден де көмек сұраймын», — деді Арутюнян.

Сонымен қатар, Таулы Қарабақ президенті бұл жағдай қай елдердің адам құқықтары мен ұлттардың өзін-өзі анықтау құқығын құрметтейтінін және қайсысы терроризмге ықпал ететінін түсінуге көмектесетінін атап өтті.

«Әзірбайжанға қол ұшын созып жатқан елдер халықаралық терроризмге ықпал ететіндіктен, бұл елдер Құдай алдында жауап беруі керек. Ал бұл мемлекеттердің билік органдары істеп отырған әрекетін халқы түсіну үшін тізім жасау керек», — деді президент.

Айта кетерлігі, Армения бірнеше рет Таулы Қарабақ соғысына кіріскені үшін Түркияны айыптады. Олар Анкараны Бакуге көмектесу үшін әскери кеңесшілер, авиация, дрондар мен жалдамалы әскерилерді жіберді деп кінәлады.