Қырғызстан президенті халыққа тағы да үндеу жасады

Қырғыз басшысы жастарға алғыс айтты

Қырғызстан президенті халыққа тағы да үндеу жасады
Фото: president.kg

Қырғыз Республикасының президенті Сооронбай Жээнбеков соңғы жағдайға байланысты қырғыз халқына үндеу жасады. Бұл туралы president.kg сайтында жарияланды.

«Қырғызстан ең қиын кезеңді бастан өткеріп жатыр. Ешбір билік немесе қызмет адам өмірінен жоғары емес.

Өздеріңіз білетіндей, мен адам өміріне қауіп төндірген жоқпын және Ақ үй ғимаратына басып кіргендерге қарсы күш қолдану туралы бұйрық берген жоқпын.

Сол күндері наразылық акциясына шыққандарды күшпен басу туралы ұсыныстар болды. Мен мұндай ұсыныстардан үзілді-кесілді бас тарттым. Мұның соңы қақтығысқа апарады.

Сол себепті, мен төтенше жағдай режимін енгізу туралы жарлыққа қол қойған жоқпын.

Өңірлерде мені қолдап, митингіге шығып, сөз сөйлегісі келетін отандастар да аз болмады. Мен олардан бұлай жасамауын өтіндім. Себебі, осы күндері халықты бөліп-жарудың қаншалықты қауіпті екенін өз көзімізбен көрдік.

Құрметті отандастар, қызметке орналасқысы келгендер мақсатына жетті. Енді көшеде акция жасауды жалғастырып жатқан жақтастарыңызға тоқтау салу керек. Мен тағы да акцияны ұйымдастырушылар мен саяси лидерлерді бәрін заңды тұрғыда шешуге шақырамын.

Мен осы қиын сәтте жоғары азаматтық ұстаным көрсеткен жастарымыздың еңбегін зор ризашылықпен атап өткім келеді. Түн ұйқысын қиып, елдегі бейбітшілікті, азаматтар мен мемлекеттің меншігін сақтау үшін қызмет еткендерге дән ризашылығымды білдіремін.

Соңғы күндері кімнің нені көксеп жүргеніне көз жеткіздік. Осы ретте, жас қырғызстандықтар, Сіздер билік үшін күрескен үлкендерге үлгі болдыңыздар. Билік емес, Қырғызстан қымбат екенін сөз жүзінде емес, іс жүзінде көрсеттіңіздер. Ел мүддесі бәрінен маңызды екенін шын дәлелдедіңіздер.

Мен барлық тарапты ұстамдылыққа шақырамын. Мемлекет мүддесі жеке бастың амбициясынан жоғары екенін тағы да еске саламын.

Біз бірлесе жүріп бұл қиындықты жеңеміз деп сенемін.

Құрметті отандастар, қазіргі өзекті мәселе - Қырғызстанда бейбітшілік пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету!

Қырғызстанға Жаратқан жар болсын!»

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.