Оккупанттар жерді босатпайынша, Әзірбайжанға көмек беруді тоқтатпаймыз – Ердоған Қарабақтағы қақтығыс жайлы

Автор: Azattyq Rýhy

Ол ОБСЕ мүшелерін Таулы Қарабақ проблемасын 30 жыл бойы шеше алмады деп айыптады

Фото: ашық дереккөзден

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған әлем лидерлерін екіжүзді деп айыптады. Ол мұны Түркия парламентінің күзгі сессиясын ашу кезінде Путин, Трамп және Макронға жауап ретінде айтып отырмын деді. Ол «Кавказда тыныштық орнасын десеңдер, Әзірбайжан жерінен оккупанттар кетсін, бұл – аймақтағы ұзақмерзімді тыныштықтың кепілі» дегенді айтты.

Anadolu таратқан ақпаратқа қарағанда, бұл Ердоғанның соңғы бес күндік соғыстан кейінгі алғашқы қатқыл мәлімдемесі. Оның әрбір айтқан пікіріне Парламент өкілдері қызу қол соғып, қолдап отырған. Бейсенбі күнгі депутаттар алдында сөз сөйлеген президентке әлем елдерінің көшбасшыларынан әлі ешкім жауап қатқан жоқ.

«Кавказдағы бейбітшіліктің басты шарты – оккупанттар басып алған аядай жер өз иесіне қайтарылуы керек. Бұл жерлер – Әзірбайжанның тарихи жерлері. Бір ұлт – екі мемлекет деген ұғым болмауы тиіс. Біз әзірбайжан бауырларымызға көмек қолын созудан аянып қалмаймыз. Кезінде миллиондаған адам туған жерін тастап, босқын болды. Енді олар өз жеріне қайтуы тиіс», - деді Режеп Тайып Ердоған.  

Ердоған сондай-ақ Арменияға қатысты да қатқыл мәлімдемелер жасады. Армяндар Түркияға қатысты жалған ақпараттар мен өтірік мәліметтерді лек-легімен жіберіп жатыр, бұл әрекеті үшін жауап береді деп сес көрсетті. 

Түркия президенті Таулы Қарабақтың нақты иесі кім екенін біле тұра, екіжүзді саясат жүргізіп отыр деп әлемдік держава басшыларын да сынады. Ол Владимир Путин, Дональд Трамп пен Эммануэль Макрон отыз жыл бойы шиеленіскен проблеманы шешуге атсалысқан жоқ деді.   

Оқи отырыңыз: Путин, Трамп және Макрон Таулы Қарабақтағы жағдайға қатысты бірлескен мәлімдеме жасады

«Минск тобына тең төрағалық етіп келген ОБСЕ мүшелері  – АҚШ, Ресей және Франция өткен 30 жылда армян-әзірбайжан шиеленісін шешуге талпынған жоқ. Оның нәтижесі бүгінгі қырғынға әкелді. Құрғақ сөзбен мәселе шешілмейтінін біліп отыр. Бұл проблеманы шешудің жалғыз жолы – Армения Әзірбайжанның жерінен әскерін алып кету. Алайда, арағайындық рөлін алған мемлекттер мұндай қадам жасауға асығар емес. Бұл туралы Путинмен де, Макронмен де бірнеше рет талқылау болды. Бірақ нәтиже жоқ. Енді Әзірбайжан өз мәселесін өзі шешуге мәжбүр», - деді Ердоған. 

Бұған дейін Ресей, Франция және АҚШ біріккен мәлімдеме жасап, Таулы Қарабақтағы әскери қақтығыстарды тоқтатуға шақырған еді. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Минск тобының өкілдерімен бірге Армения және Әзірбайжан президенттерін келіссөздер үстеліне отыруға үгіттеген.

Оқи отырыңыз: Әзірбайжанның осы жолы Қарабақты басып алу ықтималдығы жоғары – сарапшы

Қазақтандық сарапшылар бұған дейін соғыстың ұзаққа созылатынын болжаған болатын. Олар бұл шиеленіске Түркия араласқан соң, жағдай ушыға түсетінін айтты. Саясаттанушы Максим Казначеев Ердоғанның мәлімдемесіне әлем елдері аса алаңдай қоймайды, бұл Кіші Азия түбегінде отырған мемлекеттің аймақтағы өз позициясын нығайтуға деген кезекті талпынысы деп санайды. 

«Минск тобы өкілдері жағдайды сырттан бақылап отырғаны рас. Олар тиісті мәлімдеме жасап, тараптарды келіссөздерге шақырды. Енді екі аптадан кейін немесе бір айдың ішінде ОБСЕ Минск тобының Таулы Қарабақ бойынша мәлімдемелер жасауға құқығы бар. Екі елдің президенттерін байланысқа шақырады. Қазір тараптар ешқандай компромиске дайын емес. Сондықтан нәтиже болмай отыр», - дейді М. Казначеев.  

Айта кету керек, Таулы Қарабақтағы соғыс оты 27 қыркүйекте қайтадан тұтанды. Әзірбайжан өз әскерін Қарабақ шекарасына әкеліп, тараптар бір-біріне оқ жаудырды. Бүгінге дейін ондаған адам қаза тауып, екі тараптан да жүздеген жаралы адам ауруханаларға жеткізілген.   

Ришат Асқарбекұлы, Алматы