«Борат» Қазақстан халқының атынан Дональд Трампты дебаттағы жеңісімен құттықтады
Атышулы актер «Қазақстан үкіметінің ресми аккаунты» делінген Instagram-аккаунтқа репост жасады
Атышулы британиялык сатирик, бірнеше комедиялық рөлімен танылған актер Саша Барон Коэн Instagram желісіндегі парақшасында «Қазақ халқының жақын досы Дональд Трамптың бүгінгі дебаттағы жеңісімен құттықтаймын! Америка мен Қазақстанды әрдайым алға қоятын мықты басшы үшін өте керемет және мықты нәтиже!» деген мәтінмен жазылған @officialkazakhstangovt деген аккаунт постына репост жасаған.
Коэн сілтеме жасаған аккаунттың атауы «Official Kazakhstan Govt», яғни «Қазақстан үкіметінің ресми аккаунты» дегенге келтіріп ашылған.
Бұл аккаунттың Қазақстан үкіметінің ресми аккаунты емесі анық. Аккаунт (@officialkazakhstangovt) осыдан 5 сағат бұрын ашылған және онда бір ғана жазба жарияланған.
«Ресми аккаунтты» Саша Барон Коэннің ашқанына қатысты дәлел жоқ, бірақ онда жарияланған видеодағы мәтінді оқыған дауыс пен әзілдеу стилі «Боратқа» жақындау.
«Борат» репост жасаған видеоның ұзақтығы - 35 секунд. Онда АҚШ президенті Дональд Трамптың өткені, саясаттағы келеңсіз сәттері жайлы келеке ететін жайттар көрсетілген. Видеоның соңында Қазақстан Ішкі істер министрлігінің логосына ұқсас белгі қойып, kazakhsagainstforeignmeddling.kz деген жазу берілген.
Еске сала кетейік, бүгін АҚШ-та Демократиялық партия атынан президент сайлауына үміткер Джозеф Байден мен Республикалық партия өкілі, қазіргі президент Дональд Трамп арасында алғашқы дебат өтті. 3 қарашада өтетін АҚШ президенті сайлауында Дональд Трамп екінші мерзімге сайланудан үмітті болып отыр.
Танымал актер репост жасаған аккаунтқа қатысты ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі жауап беріп, Instagram желісінде ашылған @officialkazakhstangovt аккаунты жалған екенін айтты. Сондай-ақ, қажетті ақпаратты Қазақстан Үкіметінің ресми сайты мен Facebook, ВКонтакте, Twitter, Instagram желілеріндегі верификацияланған аккаунттардан алуға шақырды.