Әсет Исекешевке жемқорлықпен күресудің заманауи тәсілдері таныстырылды

Қауіпсіздік кеңестің хатшысы «Antıkor Ortalyǵy» сыбайлас жемқорлыққа қарсы сервистік орталығында болды

Әсет Исекешевке жемқорлықпен күресудің заманауи тәсілдері таныстырылды

ҚР Президентінің көмекшісі – Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Әсет Исекешевке сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу, мемқызметкерлердің халықпен тығыз қарым-қатынас орнатуына арналған жобаларды Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев таныстырды.

Хатшы «Antıkor Ortalyǵy» сыбайлас жемқорлыққа қарсы сервистік орталығына барып, Агенттік жұмысының сервистік үлгісімен танысты. Сондай-ақ, орталықтың арнайы мониторингтік тобы, ақпараттық-ағарту штабы, ардагерлер кеңесі мен «Астана – Адалдық алаңы», «Protecting Business and Investments», «Ашық бюджет» жобаларының жетекшілерімен және қоғам өкілдерімен кездесті.

Қоғам өкілдері қолданыстағы жемқорлыққа қарсы жобаларды жетілдіру, азаматтық қоғамды, сондай-ақ, белсенді жастарды тарту жоспарлары туралы баяндады. Алик Шпекбаев қазіргі таңда жемқорлыққа қарсы озық халықаралық стандарттарды жедел енгізу жалғасып жатқанын атап өтті. Бұл ретте олардың едәуір бөлігі мемлекеттік бақылаудың баламасы ретіндегі қоғамдық бақылауды дамытуға бағытталған.

Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы мемлекеттік органдардың халыққа қызмет көрсетудің сервистік үлгісіне көшуі білім беру, денсаулық сақтау, халықты әлеуметтік қамтамасыз ету, жер қатынастары және т.б салалардағы тұрмыстық жемқорлықты жоюдағы табыстың негізгі факторларының бірі екенін атап өтті.

Ә.Исекешев Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомствоның елордалық департаменті қызметкерлерінің open-space кабинеттеріне барып, мұндай тәсілдің транспаренттілік пен сенім қалыптастырудың қолайлы жағдайын жасаудағы маңыздылығына тоқталып өтті.

«Antıkor Ortalyǵy» – сервистік орталығы Агенттіктің қоғамдық ұйымдармен өзара әрекеттестігі мен халықпен кері байланысты қамтамасыз етудің тиімді алаңы.

Әсет Исекешевке азаматтарды қабылдаудың заманауи тетігі, сондай-ақ Агенттіктің жемқорлыққа қарсы жобалары жетекшілерінің бастамалары таныстырылды.

«Астана – Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Мирас Шекенов Агенттіктің елорда әкімдігімен тиімді өзара әрекеттестігі туралы айта келе, тұрмыстық жемқорлықты жою және азаматтарға қолайлы жағдай жасау бойынша жемқорлыққа қарсы іс-шаралардың іске асырылу барысын баяндады.

Жемқорлық тәуекелдерін азайту мәселелерінде цифрландыру ерекше орын алады. Мемлекеттік мекемелердің бюджет қаражатының жұмсалуын онлайн режимде қоғамдық бақылау мүмкіндігін қамтамасыз ететін «Ашық бюджеттердің интерактивті картасы» және азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған «Ашық бюджет» жобасы ерекше қызығушылық тудырды.

Ә.Исекешев кездесудің қорытындысы бойынша қоғам өкілдерінің бастамаларын қолдап, мемлекеттік органдардың ашықтығы мен айқындығын және олардың қоғаммен сындарлы ынтымақтасу қажеттігін атап өтті. Онда әр өтініш бюрократиялық кідірістерсіз және азаматтарды жоғары тұрған мемлекеттік органдарға жүгінуге мәжбүрлемей барынша сапалы қаралуы тиіс.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.