Үміткерге төрт әдіс бойынша дауыс беруге болады
Осы аптада, 1-3 қазан аралығында «Nur Otan» партиясы праймеризінің үздік қатысушыларына дауыс беру өтеді. Таңдалған үміткерге төрт әдіс бойынша: Primaries.kz сайтында, мобильді қосымша арқылы, сайлау учаскелеріндегі онлайн кабиналар және дәстүрлі түрде бюллетеньдер арқылы дауыс беруге болады.
Еске сала кетейік, «Nur Otan» партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев 17 тамыздан 3 қазанға дейінгі аралықта партияішілік таңдау – праймериз өткізу туралы қаулыға қол қойды.
Праймериздің негізгі мақсаты – алдағы Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауларына партиялық тізімдерді қалыптастыру үшін бәсекелес күрес негізінде жаңа көшбасшыларды айқындау.
Партияның баспасөз қызметінің хабарлауынша, бүгінде праймеризге қатысып жатқан үміткерлердің саны 11 мыңнан асқан. Ал үміткерлерге дауыс беру үшін Primaries.kz ақпараттық жүйесіне 700 мыңнан астам адам тіркелген.