Қазақстан Президенті БҰҰ Бас ассамблеясы 75-сессиясының жалпысаяси дебаттарында сөз сөйледі
Пікірсайысқа қатысушыларға арнаған сөзінде Мемлекет басшысы БҰҰ-ның 75 жылдық мерейтойы драмалық және сын-тегеуріндерге толы уақытта өтіп жатқанын атап өтті. Президенттің пікірінше, жаһандық экономикаға айтарлықтай зиян келтіретін және бүкіл әлемдегі адамдардың көптеген апаттары мен азаптарының көзі болып табылатын коронавирустық пандемия басты проблема болып қала береді.
«Адамзат тарихындағы бұрын-соңды болмаған осы қайғылы оқиға аясында отандастарымның атынан бізді өлімге әкелетін вирустан жанқиярлықпен қорғайтын дәрігерлер мен барлық мамандарға шынайы алғысымды білдіргім келеді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы сауда протекционизмі мен саяси ұлтшылдықтың өсуі халықаралық ынтымақтастықтағы жүйелі іркілістерді тудырды және «жаһандық дисфункцияға» алып келді, бұл өз кезегінде миллиардтаған адамдарды жақсы әлемге деген үмітінен айырып, орнықты даму перспективаларына нұқсан келтіреді деп санайды.
Президент «жаңа әлем» парадигмасын құруға байланысты жалпы моральдық парыздың орындалуы туралы ойлануға шақырды және қазір адамзат үшін тарихтың бетбұрыс кезеңі келді деген пікір білдірді.
Сөз сөйлеудегі символдық мәні – табысты жаһандық өзара іс-қимылдың өзіндік формуласын ұсынған қазақтың ұлы ақыны және ойшылы Абай Құнанбайұлының белгілі мәлімдемесін қазақ тілінде дәйексөз келтіруі болды.
«Адамзатқа не керек: сүймек, сезбек, кейімек, қарекет қылмақ, жүгірмек, ақылмен ойлап сөйлемек». Ақынның бұл ой-пікірінің мәнін «өзара үйлесімге қол жеткізу үшін адамзатқа сүйіспеншілік, рақымшылық, батыл әрекеттер және байыптылық керек» деп түсінуге болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының пікірінше, халықаралық қоғамдастық пандемиямен күресу үшін көп күш салуы керек.
Бірінші кезекте, оның айтуынша, денсаулық сақтаудың қуатты жаһандық жүйесін құру міндеті дамыған мемлекеттер мен БҰҰ агенттіктері тарапынан уақытылы және үйлестірілген қолдау көрсету арқылы дамушы елдердегі ұлттық институттар мен медициналық мекемелерді жаңғыртуды талап етеді.
Қазақстан Президенті коронавирусқа қарсы вакцинаны әзірлеу тақырыбын саясаттандыруға жол берілмейтінін айтып, вакцинаны жаһандық өндіруге және оны жеткізудегі логистикалық тізбектердің тиімділігіне ықпал ететін инвестициялар мен сауда туралы жан-жақты халықаралық келісімнің қажеттілігін атап өтті.
Мемлекет басшысы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының да, жекелеген елдердің де пандемияның алдын алу және оған қарсы іс-қимыл саласындағы әлеуетін нығайту мақсатында халықаралық медициналық-санитариялық қағидаларды қайта қарау қажет деп санайды.
Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ аясында ауруларды бақылау және биоқауіпсіздік бойынша өңірлік орталықтар желісін құру идеясын мұқият зерделеуді ұсынды. Президент Қазақстан аумағында осындай мекемелердің бірін орналастыруға дайын екенін білдірді.
Мемлекет басшысы сондай-ақ биологиялық қаруды бақылау жүйесін әзірлеу мен іске қосудың өзектілігін атап өтіп, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне есеп беретін арнайы орган-биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құруды ұсынды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Әлемдік экономиканы қалпына келтіру перспективалары туралы ойымен бөлісті. Президент БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің жалпы құны әлемдік ЖІӨ-нің 10 пайызын құрайтын экономикалық өсуді ынталандыру жөніндегі шаралар пакетін іске асыру қажеттілігі туралы үндеуіне қосылды, сондай-ақ оның барлығына тең және кең мүмкіндіктер жасауға бағытталған жаңа жаһандық келісімді дайындау туралы бастамасын қолдады.
Баяндамада 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған тұрақты дамудың күн тәртібін іске асыру мәселелері жеке тармақпен қаралды. Мемлекет басшысының пікірінше, бұл бағыттағы іргелі мақсат – ғаламшардағы аштықты толық жою.
Қазақстан Президенті еліміздің бастамасы бойынша құрылған Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам Ұйымының ауқымды халықаралық гуманитарлық науқанды өткізу үшін азық-түлік резервтерін қалыптастыруға жан-жақты жәрдем көрсетуге әзір екенін айтты.
Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылы бүкіл әлемде шабыттандыратын адами ынтымақтастықтың көптеген мысалдарын көрсеткен еріктілер қозғалысының қосқан үлесін атап өтті.
«Еріктілердің рөлін мойындай отырып, БҰҰ-ға даму мақсатында еріктілерді жұмылдырудың халықаралық жылын жариялауды ұсынамын», - деді Мемлекет басшысы.
Президент ядролық қаруды таратпау және қарусыздану дағдарысына назар аударды. Ол БҰҰ-ға мүше мемлекеттер Қазақстанның ядролық державаларға адамзатты ядролық апаттан құтқару үшін барлық шараларды қабылдауға шақыруын қолдайтынына үміт білдірді. Қасым-Жомарт Тоқаев «ядролық бестік» елдерін Семей шартын қоса алғанда, ядролық қарудан азат аймақтар туралы шарттарға тиісті хаттамаларды ратификациялауға шақырды.
Мемлекет басшысы сондай-ақ экология мәселелеріне, әсіресе климаттың өзгеруі проблемасына назар аударды, оның пікірінше, ол – басқа қауіптердің өзіндік «катализаторы».
Қасым-Жомарт Тоқаев қазба отынына жоғары тәуелділікке және Климат жөніндегі Париж келісімінің мақсаттарына қол жеткізудің алдағы ұзақ жолына қарамастан, Қазақстанның көмірсутексіз экономиканы дамытуға берік бейілділігін растады.
«Біз парниктік газдар шығарындыларын 2030 жылға қарай экономиканы жүйелі түрде трансформациялау және өнеркәсіпті жаңғырту арқылы 15 пайызға азайтамыз. Сонымен қатар, алдағы бес жылда елімізде екі миллиардтан астам ағаш көшеттерін отырғызуды жоспарлап отырмыз», – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы қазіргі заманның жаһандық сын-қатерлерін еңсеру сенім ахуалын қалпына келтіру және көпжақты институттарды дәйекті нығайту арқылы ғана жүзеге асырылатынын айтты.
«Бүгінде елдер арасында қалыптасқан сенім тапшылығы халықаралық қатынастарды дамыту үшін аса уытты. Бүгінде біздің ортақ моральдық парызымыз – БҰҰ Жарғысының негізгі мақсаттары мен қағидаттарына адалдығын көрсету», – деп есептейді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық терроризмге қарсы тұру үшін кең коалиция құру қажеттігін еске салып, барлық елдерді терроризмнен азат әлемге қол жеткізу жөніндегі мінез-құлық кодексіне қосылуға шақырды.
Жаһандық сын-қатерлер мен қауіптердің себептері туралы айта отырып, Президент олардың іс жүзінде мемлекеттік басқару жүйелеріндегі проблемалардың салдары болып саналады деген пікір білдірді.
«Шынайы әділ және адамдардың ұмтылысына бағдарланған жаһандық әлемге қол жеткізу тиімді халықаралық шаралардың ұлттық деңгейдегі жігерлі күш-жігермен үйлесімді жағдайда ғана мүмкін болады», - деп есептейді ол.
Осы тұрғыда Мемлекет басшысы Қазақстанның экономикалық қуатты, демократиялық дамыған және әрбір азаматтың қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған «халық үніне құлақ асатын мемлекет» құруға бел буғанын айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азиядағы өңірлік ынтымақтастықты нығайту мәселесіне жеке тоқталып, өркендеп келе жатқан, күшті және ұйымшыл Орталық Азия жергілікті және жаһандық мүдделі тараптардың мүдделеріне сай келетініне сенім білдірді.
Қазақстан Президенті қызметі трансшекаралық су ресурстарын ұтымды пайдалануға бағытталатын өңірлік су-энергетикалық консорциум құруды ұсынды.
Мемлекет басшысы сондай-ақ Орталық Азиядағы даму саласындағы күн тәртібін үйлестіру үшін БҰҰ-ның Алматыдағы орнықты даму мақсаттары жөніндегі Өңірлік орталығын институттандыру ниеті туралы мәлімдеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев жалпы саяси пікірталастарда сөз сөйлеген сөзінде Қазақстанның БҰҰ-ның берік жақтаушысы болғанын және болып қала беретінін, барлық болашақ үшін жарқын әрі бақытты жасампаздыққа белсенді қатысуға бағытталғанын атап өтті.