Лукашенко ант беріп, президент қызметіне кірісті
Лукашенконың инаугурациясына бірнеше жүз адам шақырылды
Бүгін Минискіде жақында Беларусь президенті болып қайта сайланған Александр Лукашенконың инаугурациясы өтті.
БЕЛТА агенттігінің хаабарлауынша, Лукашенконың инаугурациясына бірнеше жүз адам шақырылған. Олардың арасында жоғары лауазымды тұлғалар, депутаттар, республика кеңесінің мүшелері, мемлекеттік орган басшылары, жергілікті атқару орган өкілдері, ақпарат құралдары, ғылым, мәдениет, спорт қайраткерлері бар.
Беларусь тілінде ант берген Лукашенкоға орталық сайлау комиссиясының төрайымы Лидия Ермошина оған Беларусь республикасының президенті төлқұжатын тапсырған.
Еске сала кетейік, Беларусь елінде президент сайлауы 9 тамызда өтті. Елде содан бері наразылық шаралары жалғасып келеді.
18 қыркүйекте Еуропа парламенті 9 тамыз күні Беларусьте өткен президент сайлауының нәтижесін мойындамайтын резолюцияның заң жобасын қабылдады.
АҚШ мемлекеттік хатшысының бірінші орынбасары Стивен Биган да Александр Лукашенко президенттік сайлауда заңсыз жеңіске жеткенін айтып, жаңа сайлау өткізуді талап етті.