Путин мен Лукашенконың кездесуі: Ресей Беларуське 1,5 млрд доллар несие беретін болды
Екі ел президентінің Сочидегі кездесуі 4 сағатқа созылды
14 қыркүйекте Сочи қаласында Беларусь президенті Александр Лукашенко мен Ресей президенті Владимир Путиннің бетпе-бет кездесуі өтті. Алдын ала хабарланғандай, Лукашенко мен Путиннің басқосуы журналистердің қатысуынсыз өтті. Дегенмен, Ресей телеарналары екі ел басшысының кездесуінен үзінді жариялады.
«Бочаров ручей» резиденциясында өткен кездесудің қорытындысы бойынша РФ президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков пікір білдірді. Песковтың айтуынша, Владимир Путин мен Александр Лукашенконың арасындағы келіссөз қарқынды, ұзақ (4 сағат – ред.) және конструктивті сипатта өткен.
«Александр Григорьевич Беларусьтің легитимді президенті болып есептеледі. Ресей Беларусь халқын Лукашенконы қолдайтынына немесе қолдамайтынына қарамастан бағалайды, жақсы көреді. Алайда Владимир Путин әу баста айтқандай, Беларусьте бәрі заңды жолмен шешілуі тиіс», - деді Песков.
Сочидегі кездесу – Александр Лукашенконың 9 тамыздағы президент сайлауынан кейінгі шетелге алғашқы сапары. Сочидегі кездесуде Владимир Путин Ресей Беларуське 1,5 млрд доллар несие беретінін мәлімдеген. Ресей президентінің айтуынша, несиенің техникалық жағын екі елдің қаржы министрлері әзірлеп жатыр.
Бұған дейін хабарланғандай, Путин мен Лукашенко Беларусьтің Ресей алдындағы мемлекеттік қарызын қайта құру, интеграциялық мәселелерді, сондай-ақ энергетика саласындағы бірлескен жобаларды талқылауды жоспарлаған.