Праймеризге қатысуға екі күнде 3,2 мың адам өтініш берді – Бауыржан Байбек
Олардың 1138-і – әйел, оның ішінде 48-і – көпбалалы ана
«Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Facebook желісінде республика бойынша өтіп жатқан партияішілік сайлау – праймериздің алғашқы екі күні қалай өткенін айтты.
Праймериз басталғалы, яғни алғашқы екі күннің өзінде 3209 азамат өтініш берген. Олардың 1138-і – әйел, оның ішінде 48-і – көпбалалы ана. 788 кандидат – 35 жасқа дейінгі жастар, сондай-ақ 31-і – ерекше қажеттіліктері бар азамат. Бастауыш партия ұйымдары арқылы 1079 адам ұсынылса, өзін-өзі ұсынған кандидаттар - 2130.
«Кез келген сайлау процесінің айқындығы мен легитимділігінің ажырамас белгілерінің бірі – тәуелсіз байқаушылардың қатысуы. Сондықтан біз өңірлердегі партиялықтармен бірге жан-жақты талқылай отырып, байқаушылардың міндеттері мен өкілеттіктерін анықтайтын ережені бекіттік.
Сонымен, кандидаттың сенім білдірген тұлғасы (партия мүшесі) байқаушы бола алады. Дауыс беру күні ол дауыстарды санау рәсімдері мен учаскелерде дауыс беру қорытындыларын р2сімдеуді бақылауға, тасымалданатын урналардың қасында жүруге, ұсыныстар беруге және есеп комиссиясының шешімдері бойынша шағым жасауға, сондай-ақ пайдаланылмаған бюллетеньдерді жою кезінде сол жерде болуға құқылы. Фото және бейнежазба жасауға рұқсат етіледі», - деп жазды ол.
Бауыржан Байбектің жазуынша, заңбұзушылық фактілері анықтағлан жағдайда, байқаушы есеп комиссиясының мүшелерін хабардар етеді. Олқылықтар жойылмаған немесе негізделген бас тарту ұсынылмаған жағдайда, ол аймақтық және аумақтық партиялық бақылау комиссиясына шағымдануға құқылы.
Аталған орынның берген қарастыру нәтижелерімен келіспеген жағдайда, байқаушы шағымды komek@nurotan.kz электронды поштасы бойынша Орталық партиялық бақылау комитетіне жолдай алады. Ол екі күн ішінде түпкілікті шешім шығаруға міндетті. Сондай-ақ 8 (800) 080 4441 арнайы жедел желісі ұйымдастырылған.
«Сонымен қатар онлайн-дауыс беру өткізу үшін біз отандық ІТ-мамандармен бірлесіп «Праймериз» ақпараттық жүйесін әзірледік. Ол сайлау барысына қандай да бір заңсыз араласу немесе кенеттен «іркіліп» қалу ықтималдығына жол бермей, дауыстарды нақты уақыт режимінде санау мүмкіндігін көздейді.
Жалпы, қазіргі кезде ашық та әділ партияішілік сайлаудың өтуіне қажетті барлық жағдай жасалған. Партия Лидері Нұрсұлтан Назарбаев праймериз басталар күні атап өткендей, бастысы – айқындық пен тазалықты, барлық қатысушыларға тең мүмкіндік пен бәсекелестікті қамтамасыз ету», - деп жазды Б. Байбек.