«Сенбейміз»: АҚШ Ресейге коронавирус вакцинасын жасауға көмектесуден бас тартты
Қазақстан Ресей вакцинасын алғашқылардың бірі болып алуға ықылас білдірген
Ресми Мәскеу Вашингтонға коронавирусқа қарсы вакцина жасауға әріптестік ұсыныс жасап, көмек сұраған. Алайда, АҚШ одан бас тартты, деп хабарлайды ресейлік басылымдар CNN-ге сілтеме жасап.
Агенттік жазуынша, Ресей АҚШ-қа COVID-19-дан емдейтін «Дыбыстан жылдам» атты екпені жылдамдатуға бағытталған жоба жіберген. Алайда, АҚШ «ресейлік медицина жетістіктеріне жабық» екенін айтқан. Ресейлік бір шенеунік «Америка тарапынан Ресейге деген сенімсіздік бар, осыған байланысты технологиялар, оның ішінде тестілеу мен вакцина АҚШ-та қабылданбайды» деген.
«АҚШ ресейлік вакцинаны адам тұрмақ, маймылға да сынап көрмейді», - деп мәлімдеді АҚШ денсаулық сақтау саласындағы шенеуніктің бірі.
Ресейлік шенеуніктер Мәскеудің вакцина туралы ақпаратты бөлісуге дайын екенін айтып, Вашингтонды ойлануға, саясаттың екі елдің де тұрғындарының өмірін құтқаруға кедергі болмауға шақырып отыр.
Айта кетсек, Ресей президенті Владимир Путин 11 тамызда коронавирусқа қарсы алғашқы вакцинаның тіркелгенін мәлімдеген болатын.
Ал Ресейге сапарында ҚР Үкіметінің басшысы Асқар Мамин Ресей вакцинасын алғашқылардың бірі болып алуға ниетті екенін жеткізген.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан