Жас ғалымдар праймериз туралы ғылыми жұмыстар жасауға дайын екенін жеткізді

Автор: Azattyq Rýhy

Саяси науқан 17 тамызда басталады

«Nur Otan» партиясы орталық аппараты саяси жұмыстар департаментінің директоры Ерлан Қарабалаев отандық жас ғалымдармен елімізде өткелі жатқан праймериз туралы онлайн-конференция өткізді. Ол қатысушыларға праймериздің ережелерін, ерекшеліктерін түсіндіріп, сұрақтарына жауап берді.

7 қыркүйекте праймериздің үгіт-насихат жұмыстары басталып, ол дауыс беру күніне дейін жалғасады. Басқа кандидаттармен ашық дебат сайысына шығады. Өз бағдарламаларын қысқаша таныстырады.

«Үгіт-насихат формалары бойынша шектеу жоқ. Онлайн, офлайн кездесулер өткізуге немесе мессенджерлерде чат ашып жұмыс істей беруге болады. Ең бастысы – пандемия кезіндегі санитарлық талаптар сақталса болды. Тек парақшалар таратып, билбордтар, баннерлер ілуге болмайды. Насихатты кандидаттар өзі жүргізуі тиіс. Кандидатқа партияның филилалдарындағы ұйымдастыру комитеті үгіт-насихат жұмыстары бойынша кеңес бере алады», - деп айтты директор.

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті саясаттану кафедрасының доценті, PhD доктор Индира Рыстина саясаттану мамандығындағы білім алушылар Қазақстанда алғаш өтіп жатқан праймериз туралы ғылыми жұмыстар жасауға қызығушылық танытатынын алға тартты.

«Праймериз – Қазақстанда тұңғыш рет ұйымдастырылып жатқан шара болғандықтан бізге, саясаттану кафедрасына бұл үрдіс қызықты. Сондықтан осы науқанның материалдарымен бөлісіп отырсаңыздар деген өтінішіміз бар. Жаңа оқу жылында оқуға түскен магистранттар, диплом жазатын бакалавр студенттері праймеризді кейс ретінде қарастырып, ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізсе, онда партияның қолдауы керек болады», - деді ғалым.

И. Рыстина сонымен бірге партиямен бірігіп, «саяси технолог» атты магистратура деңгейіндегі білім беру бағдарламасын құруды ұсынды. «Жыл сайын сол бағдарлама бойынша 5 магистрант дайындасақ, жақсы саяси технологтар шығатынына сенеміз» деді ол бұған қатысты.

Е. Қарабалаев «Nur Otan» партиясының орталық аппаратында қызмет ететін саясаттанушы, әлеуметтанушы ғалымдар жаңа білім беру бағдарламасына араласып, бірлесе жұмыс істеуге және магистранттар мен студеттердің ғылыми жұмыстары үшін материалдар ұсынуға дайын екенін жеткізді.

«Праймериз мақсаты – жергілікті жердегі, ауылдағы, қаладағы проблемаларды нақты білетін және қоғам білетін, танитын лидерлерді анықтау. Бір ерекшелік – мәслихат сайлаулары келер жылы бірінші рет пропорционалдық жүйе бойынша өтеді. Сайлаушылар партиялық тізімге дауыс береді», - деді Е. Қарабалаев.

«Болашақ» қауымдастығының атқарушы директоры Лаура Демесінова «Болашақ» түлектерінің Қазақстанның түкпір-түкпірінен праймеризге белсенді қатысуға ниет танытып отырғанын айтты.