ШұғылМәжіліс депутаттарының сайлауы 2021 жылдың 10 қаңтарында өтеді

Еуразия ұлттық университеті акционерлік қоғам болып өзгерді – ЖОО-лар жекенің қолына өткелі жатыр ма?

Тағы 24 ЖОО коммерциялық емес акционерлік қоғам болып өзгермек

Фото ашық дереккөзден

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті 29 шілдеде коммерциялық емес акционерлік қоғам болып қайта ұйымдастырылды. Бұрын ол шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорын еді. Осыған байланысты әлеуметтік желіде «ЖОО жекенің қолына өтіп, ұлттық статусынан айрылуы мүмкін екендігі» туралы талқылаулар болды. Azattyq Ryhy тілшісі университетке ресми сауал жолдап, оның атауы мен статусы, жұмысшыларының орны сақталатыны жөнінде жауап алды.

«Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 11 қазандағы № 752 қаулысына сәйкес, мемлекеттік ЖОО-лар мемлекеттік кәсіпорындардың ұйымдастырушылық құқығында коммерциялық емес акционерлік қоғам болып қайта ұйымдастырылды. Университет жоғарыда аталған өзгерісті 2020 жылдың 29 шілдесінде тіркеді. Бүгінде құрылтайшылық және қаржылық құжаттары заң талаптарына сай сәйкестендіріліп жатыр. Университеттің аты өзгерген жоқ. Ол қазір қаулыда «Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамы деп» деп көрсетілген. Осылайша, университет ерекше статусқа ие ұлттық ЖОО рангын сақтап қалды», - делінген университеттің баспасөз қызметінің жауабында.

Университеттің 100% акциясы мемлекетке тиесілі болып, Білім және ғылым министрлігінің басқаруына беріледі. Осылайша, министрлік ЖОО-ның жалғыз акционері атанады да, университет барлық есебін соған тапсырады. Өзгеріс оқу орны қызметкерлері мен жұмыс барысына еш әсерін тигізбейді. 

«Еңбек кодексінің 47-бабына сәйкес, жұмыс беруші атауының немесе ұйымдастырушылық-құқықтық формасының өзгеруі оның жұмысшылармен еңбек қатынасын тоқтатуына негіз болмайды. Сондықтан университеттің қайта ұйымдастырылуы оның қызметкерлеріне әсерін тигізбейді. Қайта ұйымдастырылуға байланысты ешқандай қызметкер «міндетін атқарушы» ретінде жұмыс істеп жатқан жоқ», - деп жазылған хатта.

Білім және ғылым министрлігі Azattyq Ryhy тілшісіне берген ресми жауабында оқу орнының басқару жүйесі өзгергенімен, жекенің қолына өтпейтінін мәлімдеді.

«Жекешелендіруге жатпайтын мемлекеттік жоғары оқу орындарының тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 6 шілдедегі № 1021 қаулысы негізінде, ЖОО жекешелендіруге жатпайды», - делінген аталған хатта.

Ал университетті акционерлік қоғам ретінде қайта құру «білім беруді, ғылым мен өндірісті біріктіруді қамтамасыз етуге, зияткерлік меншік және технологиялар өнімдерін коммерцияландыруға жағдай жасауға, жоғары білікті ғылыми және ғылыми-педагогикалық кадрларды даярлауға» мүмкіндік беретінін алға тартады.

«Сондай-ақ, «Акционерлік қоғамдар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 22-бабының 7-тармағына сәйкес, акционерлік қоғамның ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған коммерциялық емес ұйымдар өз акциялары бойынша дивидендтерді есептемейді және төлемейді. Бұл шаралар бірінші кезекте жоғары оқу орындарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға және жоғары білікті оқытушыларды тартуға бағытталған», - деп жазылған жауапта.

Еске салсақ, Үкіметтің 2019 жылдың 11 қазандағы қаулысына сәйкес, тек ЕҰУ емес, одан бөлек 24 мемлекеттік жоғарғы оқу орны коммерциялық емес акционерлік қоғам болып өзгертілуі тиіс.

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан