Жаңа Құрылтай депутаттары 18 заң қабылдаған
Бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай төрағасы Айбек Дәдебайды қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
Ақорда жазғандай, Айбек Дәдебай президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа Құрылтай жұмысының қазіргі нәтижелері және «Әділет» партиясының қызметі туралы баяндап берген. Дәлірек айтсақ, Айбек Дәдебай хабарлағандай, депутаттар 18 заң қабылдаған, ал қазір 38 заң жобасы қаралып жатыр.
Депутаттар мемлекет басшысы Құрылтайдың бірінші сессиясының ашылуында және Қазақстан халқына Жолдауында айқындаған міндеттерді заңнамалық тұрғыдан іске асыруға басымдық беріп отыр. Жаңа Азаматтық кодекс әзірленіп жатыр. Сонымен қатар балалардың құқықтарын қорғау, педагогтер мен медицина қызметкерлерін қолдау және өзге де әлеуметтік маңызды бағыттар бойынша заңнамалық бастамалар пысықталуда.
2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет қабылданды.
«Депутаттардың бастамасымен өңірлердегі 52 инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асыру үшін қосымша 47 миллиард теңге қарастырылды. Қаражат жылу, электр, газ және сумен жабдықтау жүйелерін жаңғыртуға, сондай-ақ әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталады», - деп мәлімдеген Айбек Дәдебай.
Құрылтай төрағасы сондай-ақ қабылданған заңдардың орындалуына парламенттік бақылауды күшейту шараларын да таныстырған. Атап айтқанда, заңдардың іс жүзінде қолданылу тиімділігі мен қабылданған шешімдердің нәтижесін бағалауға арналған заңнамалық мониторинг жүргізу қағидалары бекіді.
«Сонымен қатар заң жобаларын талдау, құқықтық қайшылықтар мен ықтимал тәуекелдерді анықтау үшін e-Quryltai жүйесі және жасанды интеллект технологияларын енгізу жалғасып жатыр. Құрылтайдың қоғамдық қабылдауы мен e-Otinish жүйесі арқылы халықпен кері байланысты нығайту перспективасы талқыланды. Азаматтар көтерген мәселелер заңнамалық бастамаларды әзірлеу кезінде ескеріледі. Сессия басталғалы өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша 111 депутаттық сауал жолданған», - деп хабарлайды Ақорда.
Бұдан басқа, Айбек Дәдебай хабарлағандай, мәслихаттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес құрылып, ЮНИСЕФ-пен балалардың құқықтарын қорғау мәселесі бойынша ынтымақтастық орнатылды.