Ердоған, Путин, Оман сұлтаны, Иордания королі: Қазақстанға биыл қай елдердің басшылары келді
Президент биыл бірқатар елдің басшыларымен маңызды кездесу өткізді
Қазақстан халықаралық ынтымақтастықты нығайтып, әлем елдерімен байланысын кеңейтуге ерекше басымдық береді. Осы мақсатта президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар шет мемлекеттіңң басшыларын елімізге арнайы шақырып, жоғары деңгейдегі кездесулер өткізді. Azattyq Rýhy тілшісі 2026 жылы Қазақстанға ресми сапармен келген шет мемлекеттердің басшыларын түгендеп, маңызды кездесулерге шолу жасады.
Сербия президенті. Тоқаевтың шақыруымен Қазақстанға биыл ақпан айының соңында Александр Вучич ресми сапармен келді. Оны әуежайдан премьер-министр Олжас Бектенов қарсы алды.

Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі
Александр Вучичтің Қазақстанға сапарында екіжақты саяси диалогты нығайту, сауда-экономикалық байланыстарды дамыту және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері бойынша жоғары деңгейде келіссөздер өтті.
Сербия – Қазақстанның Балқан түбегіндегі маңызды серіктесі. Дипломатиялық қарым-қатынас орнаған 30 жыл ішінде екі ел арасында өзара құрмет пен сенімге негізделген достық байланыс қалыптасты. Былтыр Қазақстан мен Сербия арасындағы тауар айналымы 7,6 пайызға өсіп, 107 миллион доллардан асты.
Моңғолия президенті. Мемлекет басшысының арнайы шақыруымен биыл 21 сәуір күні Қазақстанға Моңғолия басшысы Ухнаагийн Хурэлсух Қазақстанға ат басын бұрды. Екі елдің басшылары Аймақтық экологиялық саммитке қатысып, қоршаған ортаны қорғау мәселелерін талқылады.

Фото: Ақорда
Былтыр Қазақстан мен Моңғолия арасындағы сауда көлемі артып, 7,7 пайыздық өсіммен 130 миллион доллардан асты.
Ухнаагийн Хурэлсүх сапар екі халықтың достығы мен жан-жақты ынтымақтастығын одан әрі нығайтуға ықпал ететініне сенім білдірді. Сондай-ақ ол Қазақстанды Моңғолияның Орталық Азиядағы алғашқы стратегиялық серіктесі деп атады.
Израиль президенті. Биыл сәуір айының соңына таман Қазақстанға Израиль президенті Ицхак Герцог келді. Оның осы сапарында Ибраһим келісімдерін Астанада өткізу, екі ел арасында тікелей әуе рейсін ашу мәселелері талқыланды.

Фото: Ақорда
«Өзіңізге мәлім, Қазақстан бұған дейін қабылдаған шешімін ұстанады. Ибраһим келісімдеріне ресми түрде қосылу рәсімін таяу келешекте Астанада ұйымдастыруға болады деп есептейміз. Сонымен қатар жасанды интеллект және цифрландыру салаларындағы ынтымақтастықты нығайтуға мүдделіміз. Биыл Қазақстанда Жасанды интеллект және цифрландыру жылы болып жарияланды. Мен бұл мәселеге айрықша мән беремін», – деді Тоқаев.
Режеп Тайип Ердоған. Биыл 13 мамыр күні Қазақстанға мемлекеттік сапармен Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған жұбайы Эмине Ердоғанмен бірге келді. Қазақстан шекарасына өткен тұстан бастап олардың бортына Қазақстан Республикасы Әуе қорғанысы күштерінің ұшақтары қапталдаса ұшты. Режеп Тайип Ердоған осы үшін президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа ерекше алғыс айтты.
«Ең әуелі, бауырымыздың атажұртқа арнайы шақырғанына ризашылығымды білдіргім келеді. Бізге айрықша қонақжайлық танытып отырсыздар. Қазақ елінің шекарасынан өткеннен қапталдаса ұшқан ұшақтармен қарсы алып, менің делегацияма үлкен құрмет көрсеттіңіздер. Бұл бізді ерекше қуантты. Әрине, мұны ұмытпаймыз. Бүгінгі сапар бауырлас халықтардың ынтымағын арттыруға зор септігін тигізеді деп сенемін», – деді Ердоған.

Фото: instagram.com/tokayev_online
«Бұл, шын мәнінде, тарихи оқиға. Бұл сапар елдеріміздің ынтымақтастығына үлкен серпін беретініне ешқандай күмән жоқ. Екі ел арасында тек қана достық, бауырластық, мәңгілік серіктестік қарым-қатынас қалыптасқан. Арамызда ешқандай түйткіл немесе шешілмеген мәселе жоқ. Қош келдіңіз!» - Қасым-Жомарт Тоқаев.
Екі ел арасында бірқатар келісім жасалды.
Уильям Руто. 19 мамыр күні Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Кения президенті келді. Екі елдің басшылары жоғары деңгейде келіссөздер өткізді.
Ақорданың мәліметінше, тараптар сауда-саттық, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, тау-кен өндірісі, жаңартылатын энергия көздері, ақпараттық технологиялар, электрондық үкімет, ғарыш, қаржы және туризм секілді салаларда серіктестікті нығайту перспективасын талқылады.

Фото: Ақорда
Екі елдің басшылары 2023 жылдың 20 қыркүйегінде БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясы аясында кездескен. Астанадағы кездесуде Кения президенті осыны ерекше ықыласпен еске алды.
Ресей президенті. Биыл 27 мамыр күні Владимир Путин Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді. Оны президент Қасым-Жомарт Тоқаев әуежайдан арнайы күтіп алды.
Ақорданың мәліметінше, келіссөздер барысында мемлекет басшылары Қазақстан мен Ресей арасындағы жан-жақты стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастарды нығайтудың қазіргі жай-күйі мен перспективаларын талқылады.

Фото: Ақорда
28 мамыр күні Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер басшыларының қатысуымен Еуразиялық экономикалық форум өтті. Ал 29 мамырда Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы ұйымдастырылды.
Оман сұлтаны. Биыл 5 қазан күні президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Қазақстанға Оман сұлтаны Хайсам бен Тариқ Әл Саид алғаш рет келді. Олар саяси диалогты нығайту, сондай-ақ сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейту перспективасын талқылады. Бұдан бөлек, екі елдің басшылары қазақ-оман бизнес форумына қатысты.

Фото: Ақорда
«Аса мәртебелі сұлтан, елімізге алғаш рет мемлекеттік сапармен келген сізді қарсы алу – мен үшін үлкен мәртебе. Мұның тарихи мәні ерекше екеніне сенімдімін. Өйткені бұл елдеріміз арасындағы сан қырлы ынтымақтастықты жандандырып, жаңа деңгейге көтеруге жол ашады. Бұған дейін атап өткендей, өзара ықпалдастықтың әлеуеті мол. Мұны толығымен іске асыру қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Король Филипп пен патшайым Матильда. Өткен айда Қазақстанға Бельгия королі мен патшайымы бірнеше күнге келді. Олардың осы сапарында Қасым-Жомарт Тоқаев Астананың біраз жерін көрсетіп аралатты.
Олардың осы сапарында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, король Филипп және патшайым Матильда «Қазақстан – Бельгия» іскерлік кеңесінің төртінші отырысына, сондай-ақ екі елдің жоғары оқу орындары ректорларының форумына қатысты. Бұдан бөлек, бірқатар маңыздыіс-шаралар өткізді. Бельгияның 2005 жылдан бері Қазақстан экономикасына құйған қаржысы 15 млрд доллардан асты.

Фото: Ақорда
Сапарының соңғы күні Бельгияның королі мен патшайымы Алматыға ұшып кетті.
Иордания королі. Кеше Қазақстанға Иордания королі II Абдалла келді. Олар екі ел арасындағы стратегиялық серіктестікті нығайту мәселелерін талқылап, бір-біріне жоғары мемлекеттік наградалар табыстады. Мемлекет басшысы корольді Қазақстанның достық пен ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесі үшін Әл-Фараби орденімен марапаттаса, өзі Иорданияның жоғары наградасын мойнына тақты.

Фото: Ақорда
«Мен үшін Иордан Хашимит Корольдігінің жоғары наградасына ие болу – зор мәртебе. Бұл орден Сіздің текті әулетіңіздің абыройын асырған тұлғаның есімімен аталады. Оның ар-ожданы, сенімі мен нанымы, туған еліне адал қызметі ұрпаққа үлгі болып келеді. Осы жоғары награданы еңбегімнің бағалануы ғана емес, ең алдымен, халықтарымыз арасындағы берік достық пен өзара құрметтің белгісі деп санаймын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Эмомали Рахмон биыл екінші рет келді. Тәжікстан басшысы биыл 22-24 сәуірде өткен Өңірлік экологиялық саммит-2026 іс-шарасына қатысу үшін Астанаға келген. Ал кеше кешке Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен мемлекеттік сапармен келді. Оны әуежайдан Қазақстан президентінің өзі күтіп алды.

Фото: Ақорда
«Екі елдің көшбасшылары стратегиялық әріптестік пен одақтастық қатынастарды нығайту мәселелерін қарастырады. 6 қараша күні Астанада Ақаба процесі саммиті өтеді. Жиынға бірқатар мемлекеттің басшылары қатысады», – деп жазды президенттің кеңесшісі – баспасөз хатшысы Айбек Смадияров.