Тоқаев пен Иордания Королі бір-біріне жоғары мемлекеттік наградалар табыстады

Король II Абдалла Әл-Фараби орденінің алғашқы иегері атанды

Тоқаев пен Иордания Королі бір-біріне жоғары мемлекеттік наградалар табыстады
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Иордания Королі II Абдалла екі ел арасындағы стратегиялық серіктестікті нығайту мәселелерін талқылап, бір-біріне жоғары мемлекеттік наградалар табыстады. Мемлекет басшысы Корольді Қазақстанның достық пен ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесі үшін Әл-Фараби орденімен марапаттаса, өзі Иорданияның жоғары наградасына ие болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қасым-Жомарт Тоқаев Король II Абдалланың елімізге сапарын Қазақстан мен Иорданияның стратегиялық серіктестігі тереңдей түскенінің айқын көрінісі деп атап, оны Қазақстанның жақын досы санайтынын айтты.

«Қазақстан мен Иорданияның арасындағы достық байланыстарды нығайтуға қосқан елеулі үлесіңіз үшін Сізге Al-Farabi орденін табыстау – мен үшін зор мәртебе. Бұл жоғары награданың атауы Шығыстың ұлы ойшылының құрметіне қойылды. Әл-Фарабидің мұрасы қаншама буынды қанаттандырып, адамгершілік шамшырағы болып келеді. Ол саяси ой-сананың, ғылым мен әдебиеттің қалыптасуында баға жетпес тарихи рөл атқарды. Әл-Фараби күллі араб әлемінің жүрегіне жол тапқан ақылдың кені іспеттес. Оның ешқашан өзектілігін жоймайтын даналық, үйлесім және бірлік туралы ұлағатты ойлары – мәдениеттеріміздің ортақ қазынасы. Біз Сіздің осынау ізгі құндылықтарды дәріптеуге қосқан үлесіңізді жоғары бағалаймыз. Аталған мәртебелі марапаттың алғашқы иегері болып отырсыз. Мұны тарихи уақиға деп санаймыз. Осы жоғары награданы Қазақстанның Сізге деген риясыз құрметінің белгісі ретінде қабыл алыңыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өз кезегінде Король II Абдалла Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты Иордан Хашимит Корольдігінің жоғары мемлекеттік наградасы – al-Hussain ibn Ali орденімен марапаттады.

«Мен үшін Иордан Хашимит Корольдігінің жоғары наградасына ие болу – зор мәртебе. Бұл орден Сіздің текті әулетіңіздің абыройын асырған тұлғаның есімімен аталады. Оның ар-ожданы, сенімі мен нанымы, туған еліне адал қызметі ұрпаққа үлгі болып келеді. Осы жоғары награданы еңбегімнің бағалануы ғана емес, ең алдымен, халықтарымыз арасындағы берік достық пен өзара құрметтің белгісі деп санаймын. Бұл Қазақстан мен Иордания арасындағы байланыстардың тығыз әрі дәйекті түрде нығайып келе жатқанын айғақтайды. Сіздің екіжақты ынтымақтастықты одан әрі ілгерілету ниетіңізді жоғары бағалаймын, – деді Мемлекет басшысы.

Айта кетсек, Аl-Hussain ibn Ali орденін 1949 жылы Иордания Королі I Абдалла бен әл-Хусейн әкесі – Мекке шарифі Хусейн бен Әлидің (1853–1931 жж) құрметіне тағайындаған. Ол Хашимиттер әулетінің аса көрнекті өкілдерінің бірі болған. Орденді табыстау Иордания Королі тарапынан көрсетілген айрықша құрметтің белгісі әрі жоғары деңгейдегі саяси сенімнің айғағы саналады.