17 тамыз бен 3 қазан аралығында «Nur Otan» партиясында партияішілік таңдау – праймериз өткізу жоспарланып отыр
«Nur Otan» партиясының ұйымдастыруымен 17 тамыз күні басталатын праймеризге қатысатын қыз-келіншектерге 30% квота бөлінеді. Бұл туралы Қазақстан Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Ақмола облысы филиалының директоры Белла Газдиева ҚХА өкілдерімен өткізілген Zoom-конференция барысында мәлімдеді.
«Алда болатын праймеризде әйелдерге арналған 30% квота бар екені қуантады. Әйелдерге арналған квоталар әлемнің көптеген дамыған елдерінің тәжірибесінде бар. Меніңше, мемлекеттік қызметке, үлкен лауазымды орындарға адамдарды сайлау кезінде жынысына байланысты гендерлік бөлініс болмауы тиіс. Праймеризде де гендерлік тепе-теңдіктің сақталатыны құптарлық іс. Менің әріптестерім, достарым мен таныстарым праймеризге қатысуға ниетті. Олардың көпшілігі қыз-келіншектер», - деді ол.
Белла Газдиева праймеризге қатысушы үміткерлерді белсенділігіне қарай таңдау қажеттігін айтты. Сондай-ақ, ол праймериз еліміздегі белсенді, білімді жастарға саяси салада болсын, қоғамдық жұмыстарда болсын өз тәжірибелері мен идеяларын көрсетуге арналған тиімді плафторма дейді.
«Праймериз ашық және шынайы өтетін болса, күн сайын елдің дамуы үшін кішкентай болса да қадамдар жасап жүрген жастар, орта жастағы белсенді азаматтарға үлкен мүмкіндік болар еді. Себебі, олардың өмірлік тәжірибесі бар, олар өзі өмір сүріп отырған қалаға, аудан мен ауылға қандай өзгерістер қажет екенін біледі. Ал, оған қатысушы үміткерлерге келетін болсақ, праймеризге кездейсоқ адам қатыспауы тиіс. Үміткер белгілі бір салада тәжірибесі бар, қоғамға шынайы пайда әкелетін маман болғаны дұрыс. Себебі, праймериз Қазақстан үшін алға жасалған үлкен қадамдардың бірі. Шет елдерде праймериз бұрыннан келе жатқан қалыпты форма. Елдегі пандемия жағдайына қарамастан, бұл сондай жауапты және қажетті қадам деп ойлаймын», - деді ол.
Еске салсақ, «Nur Otan» партиясының көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2020 жылдың 17 тамызы мен 3 қазан аралығында партия ішінде іріктеу жүргізу мақсатында праймериз өткізуге қаулы шығарған болатын.