$ 511.22  540.05  4.73
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
10.08.2020, 12:46
Саясат

Беларусьтегі сайлау: Лукашенко 80% дауыспен жеңіске жетті, наразылыққа шыққандар 15 жылға сотталмақ

Беларусьтегі президент сайлауының алдын ала нәтижесі жарияланды

Беларусьтегі сайлау: Лукашенко 80% дауыспен жеңіске жетті, наразылыққа шыққандар 15 жылға сотталмақ
Фотолар: bbc.com, reuters

Беларусь орталық сайлау комиссиясы президенттік сайлаудың алдын ала нәтижесін жариялады. Қазіргі ел басшысы Александр Лукашенко – 80,23%, оппозиция өкілі Светлана Тихановская 9,9% дауыс жинаған.

Елде президенттік сайлау кеше 20:00-де аяқталып, учаскелер жабылды. 9 тамыздағы Exit poll нәтижесі бойынша Александр Лукашенко халық даусының 71,4%-ын, оппозиция өкілі Светлана Тихановская 10,1%-ын жинады делінген еді. Дегенмен, оппозиция өкілдері «Голос» интернет-платформасында дауысты бөлек санап, нәтижесінде Тихановская 80% дауыс жинағанын көрсетті. Ресми нәтижеге сенбейтін халық кешеден бері жаппай көшеге шығып, қарсылық білдіріп жатыр.

БАҚ-та тараған ақпаратқа сенсек, кеше кей учаскелерде дауыс беру уақыты созылғанның өзінде, бюллетень толтырып үлгере алмағандар көп. ОСК оппозиция жақтастары «шу шығару үшін учаскеге әдейі кеш келген» дегенді айтқан. Куәгерлер дауыс санағанда көптеген заңсыздық болғанын алға тартқан. Учаскелер жабылғаннан кейін адамдар наразылық көрсетіп, құқық қорғау өкілдері азаматтарды тұтқындай бастады. Митингілер мен демонстрациялар Минскіден бөлек, Жодино, Лида, Гродно, Барановичи, Жлобин, Пинск, Кобрин, Брест қалаларында болды. Беларусьтің Санкт-Петербор, Лондон, Вильнюс қалаларындағы елшіліктері алдында да қарсылық акциялары өтті. BBC-дің хабарлауынша, полиция топтасқан наразалыларды шегіндіру үшін көзден жас ағызатын газ, суатқыштар мен резина оқтар қолданған. Қатты жарақат алғандар да бар. Бір адамды автозак соғып кеткен.

10 тамызған қараған түні сағат 2-лер шамасында көшеге шыққан үйлеріне жұрт тарай бастады. Арнайы әскери техника саны да азайды. Бірақ оппозиция қолдаушылары таңертең қайтадан көшеге шығатындарын мәлімдеген.

Лукашенконың негізгі қарсыласы Светлана Тихановская наразылық білдірушілерді арандатушылыққа ермеуге шақырып, ал полициядан халыққа қарсы күш қолдануды тоқтатуды сұрады. «Сендер де халықтың өкілісіңдер» деді ол күштік құрылым өкілдеріне қаратып. 

Бүгін Беларусь тергеу комитетінің бастығы Иван Носкевич Минск пен өзге қалалардағы наразылықтарға қатысып, ішкі істер органы қызметкерлеріне қарсы күш қолданғандарға байланысты қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Айтуынша, кінәлілер 8-ден 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

«Тәртіпсіздіктерге қатысы барлар анықталды, қалғаны іздестіріліп жатыр», – деді И. Носкевич.

«Весна» құқық қорғау орталығының мәліметінше, сайлау күні кемінде 120 адам ұсталды.

Сайлауда жеңіске жеткен Александр Лукашенко кеше өзі дауыс беріп, БАҚ өкілдеріне арнап баспасөз мәслихатын өткізгеннен кейін көптің алдына, БАҚ беттеріне шыққан жоқ. Президент мәслихат барысында жағдайдың бақылаудан шығып кетуіне жол бермейтінін, «қандай да бір азаматтық соғыстың болуына» негіз жоқ екенін айтқан. Сондай-ақ кандидат Тихановскаяның штабы өкілдеріне жасалған қысым туралы сөздерді жоққа шығарды.

«Мен ол адамды негізгі қарсылас деп есептемеймін. Оны басты қарсылас еткен – сіздер. Ол өзінің қайда түсіп кеткенін, не істеу керек екенін түсінбейтінін өзі де мойындайды», - деді ол Тихановская туралы.

С. Тихановская сайлауға кандидат ретінде оның күйеуі, оппозициялық көзқарастағы блогер Сергей Тихановскийді ОСК тіркеуден бас тартқан соң өзін ұсынған. Ол бұған дейін мемлекеттік қызметте болмаған, түрлі жерде ағылшын тілінен аудармашы болып жұмыс істеген.

Тихановская мен Лукашенкодан басқа, сайлауға Андей Дмитриев, Сергей Черечень, Анна Канопацкая қатысты.

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары